Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 409.98
EUR 462.21
RUB 5.75
CNY 58.43

Атыраулықтар қуғынға ұшыраған қайраткер Құныскерей Қожахметұлын еске алды

2020 жылдың 15 ақпан 2020 05:50

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Халық жадында қаһармандығымен қалған Құныскерей Қожахметұлының 125 жылдығына орай «Атырау» телеарнасының Айтқали Құмарғалиұлы медиа-аудиториясында «Атанған Құныскерей алты алашқа» тақырыбында ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті. Бұл жөнінде телеарнаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп, Құныскерей Қожахметұлының өмірінен сыр шертетін құнды деректерден көрме ұйымдастырылды. Көрмеге батырдың өмірі туралы құнды деректер мен оның қаруы - қос ауыз мылтығы да қойылды.




Құныскерей Қожахметұлы 1895 жылы қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Тайсойған құмындағы Нөсер қыстауында дүниеге келген. Ол Кіші жүздің ірі руларының бірі, он екі аталы Байұлының құрамына кіретін Ысық руынан тарайды. Құныскерей жергілікті Кермеқас және Қаракөл орыс-қазақ мектептерінен бастауыш білім алады. Ол мектептер Қызылқоғада 1880 жылы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің ықпалымен ашылған екен. Деректерге сүйенсек, Құныскерейдің білімді адам болғаны, болыс хатшысы, кейін Совет өкіметі орнаған соң ауылдық кеңестегі хатшылық қызметтері туралы айтылады.




Айтулы шараға тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет, тарихшы-өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев, батырдың немересі Бағила Сәлімгерей, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипова, музей қызметкері Айгүл Тілешқызы, сондай-ақ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттері мен магистранттары және БАҚ өкілдері қатысты.




Келелі кеңестің модераторы, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Қанат Әуесбай:

  • - Құныскерей сынды тұлғалар тарихтың тасасында қалмауы керек. Елдің ертеңі мен болашақ ұрпақтың тарихтан тағылымды тәрбие алуы үшін, ел қорғаған батырларымыздың да, алты Алаш аузына қараған ақындарымыздың да есімі ұлықталып, жаңғырып отыруы керек,-деп, шараның шымылдығын ашты.




Жиын барысында тарихшы-өлкетанушы, Құныскерей Қожахметұлы хақында көлемді дүние жазған Өтепберген Әлімгереев сөз алды. «Ерлік пен өрлікке өрілген өмір» тақырыбында баяндама жасаған жазушы:

  • - Советтік билік көптеген жылдар бойы Құныскерей бейнесін қандай да бір моральдық қағидалар мен идеялардан жұрдай контрреволюцияшыл, барымташы, қарақшы ретінде таныстырып келді. Алайда, бүгінгі күні деректі оқиғалар мен оның замандастарының әңгімелерін терең зерттегеннен кейін алдымыздан тоталитаризм жүйесіне қарсы шыққан адамның қайғылы тағдыры көзге елестейді-деп сөзін сабақтады.




Құныскерей Қожахметов тарихи туындылардың арқауына да айналды. Ол туралы жазылған М.Мәжитовтің «Құныскерей», «Құмдағы із» романдары, Қ.Қараманұлының «Жалғыз салт атты» повесі, Қ.Хасановтың «Қос батырдың хикаясы» жинағы, Ө.Әлімгереевтің «Құныскерей» атты туындысы - тарих үшін мол олжа.

Батырдың өмірнамасына көз жіберіп, ғұмырдариясының тереңіне бойлап жүрген тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет «Құныскерей Қожахметұлы архив деректерінде» атты баяндама жасады.

  • Құныскерей туралы құнды деректер, негізінен, Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағатында сақтаулы. Оның есімі сол кездегі Гурьев уезінің аумағында Кеңес үкіметіне қарулы қақтығыстар жасаған азаматтардың тізімінде бар. Сол деректердің ішіндегі ең қызықтысы – Құныскерейді «Алашорда офицері» деп жазады. Құныскерейдің өзі сауатты әрі айтулы тұлғалардың бірі болды. Оның есімі, жалпы, мұрағаттардағы құжаттарда сақталған. Осылай деп әңгімесін өрбіткен Аққали Ахмет, батыр туралы зерттелмей жатқан дүниелердің көп екенін жеткізді.




Арнайы көрме ұйымдастырған музей қызметкерлері де Батырға қатысты деректің аз екенін айтады. Десе де, келушілерге көрсетерлік құжаттар да жоқ емес. «Құныскерей Қожахметұлының музейдегі насихатталуы» атты баяндама жасаған Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Айгүл Тілешқызы:

  • - Қазір музейде Құныскерей Қожахметұлына қатысты деректер көп емес. Бірақ, ең қуанарлығы – батырдың өзі қолданған қаруы 2004 жылы музейге тапсырылған. Қазақстан Халық ағарту ісінің үздігі Жиенғали Құмаров қосауыз мылтықты өзі әкеліп, музей қызметкерлеріне табыс еткен. Егер де қандай да бір құжат немесе құнды дүние қолға тисе, әрине, халықтың назарынан тыс қалмайды,- деп сөзін сабақтады музей қызметкері.

Қосауыздың қасиеті - бағыштаған аң мен құсын мүлт жібермепті.




Келелі кеңеске қатысқан құрметті қонақтың бірі – батырдың ұрпағы Бағила Сәлімгерей. Арнайы келген Құныскерей Қожахметұлының немересі сөз алып, батырдан өрбіген ұрпақ туралы айтты.

«Атам реперессияға ұшырағанда елде екі бала қалады: Айтжан, Айтмұқан деген. Інісі Сәлімгерей сәби сүйе алмағаннан кейін Құныскерей атамыз Айтмұқан есімді баласын береді. Содан біздің тегіміз Сәлімгерей боп кеткен», - дейді ол.

Осылай өткенге ой жіберген батырдың ұрпағы, ата ерлігінің бүгінгі жастар үшін өнеге екенін жеткізді.




Тарихқа үңілсек, Құныскерей Қожахметұлы қуғынға ұшырап, Түркіменстан жеріне кетуге мәжбүр болады. Сол жақтан отау тіккен батырдан Айман және Шолпан есімді екі қыз қалады. 1965 жылы Түркімен жерінде бақиға аттанған Құныскерей Қожахметұлының сүйегі сол жақта жерленген.




Жиынға қатысқан магистранттар мен студенттер де Құныскерей туралы құнды деректерге қанықты. Бұл басқосу – Құныскерей Қожахметұлының 125 жылдығына арналған іс-шаралардың басы болмақ. Бұдан кейін де жоғары деңгейде атап өту жоспарланған. Елдің еңсесін тіктеу жолындағы ерлігі мәшһүр ерлерді ел ұмытпауы керек.


Жоғары қарай