Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ауасы лас қалалар: Не істелді, не істелмек

2022 жылдың 15 наурыз 2022 19:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына кіріскен сәттен бергі Қазақстан халқына әр Жолдауында экология мәселесіне айрықша назар аударып келеді.

Айталық, 2019 жылғы ең бірінші Жолдауында Үкімет экологияны жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту, қоршаған ортаны сақтау ісін дәріптеу жұмыстарын жандандыруы керек екенін айта келе «Бірге – Таза Қазақстан» науқанына қолдау білдірген болатын. Ал екінші Жолдауында ауаның тазалығы айрықша маңызды екеніне тоқталып, мейлінше ластанған 10 қаланы орта мерзімді кезеңде газға немесе баламалы қуат көздеріне көшіруді жүктеді. Өткен жылғы Жолдауында да Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі іс-шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырды. Осыған орай Мемлекет басшысының қалалардың ауасын тазартуға қатысты тапсырмасының іске асырылу барысына тоқталып көрейік.

Ауасы өте лас қалалар

Сонымен жалпы елімізде ауасы өте лас 10 қала бар. Олар: Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Актөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Шымкент қалалары. Бұл шаһарлардың ауасының ласталануына бірнеше себептің де бар екені белгілі. Мәселен, Алматы және Нұр-Сұлтанда – жылу көздері, автокөлік және жеке сектор, Өскемен және Теміртау қалаларында – өнеркәсіп, Ақтобе және Атырау қалаларында ескірген кәріз тазарту құрылғылары ауаны ластауда. Ал бұл экологиялық проблемалар аталған қалаларда, оның ішінде нақты 6 қалада қалай шешіліп жатыр? Қандай іс-шаралар атқарылуда? Соған шолу жасайық.

Нұр-Сұлтан




Ширек ғасырға жуық уақыттың ішінде шағын қаладан ірі мегаполиске айналған, қысы 6 айға созылатын елорда ауасының ластануына жылу электр орталықтары мен жеке тұрғын үй секторы өте үлкен үлес қосып отырғаны белгілі. Ал бұл проблеманы шешудің бірден бір жолы – газдандыру. Сондықтан да 2019 жылы Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры салынды. Бүгінде қаланы жылытып отырған 2 жылу электр орталығының су жылыту қазандықтарына газ қосылған. Ал жекеменшік секторды газдандыру жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінде Алматы мен Сарыарқа аудандарындағы жеке үйлер толығымен газдандырылған. Оларға 680 шақырымнан астам газ тарату желісі салынды. Байқоңыр мен Есіл аудандарын газдандыру жұмысы кезең-кезеңмен іске асырылуда. Қазіргі уақытта елордада 30 мың жеке тұрғын үйдің 14 мыңына газ қолжетімді болса, шамамен 4 мың отбасы көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Жалпы, 2024 жылға дейін қала 100 пайыз газдандырылмақ.

Алматы




Бейресми оңтүстік астана атанған Алматы ауасының ластану индексі – 7. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Қала ауасының ластануына жылу электр орталықтары, көлік құралдары, содан кейін жеке тұрғын үй секторы көп үлес қосып отыр. Сондықтан да өткен жылдың желтоқсанында Алматы ЖЭО-2-ні газға көшіру жөніндегі техникалық-экономикалық негіздемеге мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілген болатын. Жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстары 2025 жылдың соңына таман аяқтамалмақ. Сол кезден бастап орталықтың ауаға зиянды шығарындылары 37 мыңнан 6 мың тоннаға дейін немесе 83 пайызға қысқарады.

Алматы ауасына Алматы облысына қарасты Қарасай, Іле және Талғар аудандары да үлкен ықпал етеді. Бұл аудандарда әлі күнге қысты күні көмір жағып отырған 32 мың үй бар. Оларды толықтай газдандыру 2023 жылдың соңына қарай аяқталмақ.

Жоғарыда атап өткеніміздей, қала ауасының ластануына көлік құралдары да көп үлес қосады. Сондықтан Алматы қаласының әкімдігі дизельмен жүретін қоғамдық көліктерді сатып алуға тыйым салған. Оның орнына қала әкімшілігі электрмен және газбен жүретін 335 автобус сатып алды. Қалаға кіре берісте және шыға берісте «Сергек» жүйесінің 21 бекеті, сондай-ақ 19 экологиялық бекет орнатылған. Қаланың жасыл желегін арттыру жоспары бекітіліп, 2020 жылдан бері 600 мыңнан астам ағаш егілген. Биыл бұл сан 1 млн-ға жеткізілмек.

Теміртау




Металлургтер қаласы атанған Теміртау ауасының ластануы Алматыдан да асып түседі. Ластану индексі – 8. Қала ауасын негізгі ластаушы - «АрселорМиттал Теміртау» АҚ. Дәл осы компанияға қала бойынша шығарындылардың 87 пайызы тиесілі. Сондықтан да өткен жылы осы компанияға 249 мың тонна көлемінде эмиссияға рұқсат берілсе, биыл ол 115 тоннаға дейін төмендетіліп отыр. Қазіргі уақытта кәсіпорын дамыту стратегиясын әзірлеген. Онда өндірісті жаңғырту және жаңа тазарту қондырғыларын орнату көзделген. Сондықтан да биыл аталған көлемдегі эмиссияға рұқсат беріліп отыр. Ал билік тарапынан жаңа рұқсат беру кезінде жоғарыда аталған стратегияның нақты жүзеге асырылуы ескеріледі.

Өскемен




Өскемен қаласы ауасының ластану индексі – 7. Оның ішінде шығарындылардың 33,2 пайызы кәсіпорындарға, 54,7 пайызы автокөліктерге, 3,4 пайызы шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қазандықтарына және 8,5 пайызы жеке секторға тиесілі. «Қазмырыш» сынды алпауыт кәсіпорындардың 2020 жылғы шығарындылары 54,5 мың тоннаға жеткен. Сондықтан да облыстағы экологиялық проблеманы кешенді шешуге бағытталған жол картасы әзірленді. Онда эмиссиялардың көлемін 20-30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік беретін 35 іс-шара көзделіп отыр. Айталық, «Қазмырыш» ЖШС 2025 жылға дейін ауаға шығарындыларының көлемін 20 пайызға дейін төмендетпек. Сонымен қатар өңірде жұмыс істеп тұрған тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары ретке келтіріледі. Осы орайда облыста жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде көмірмен жұмыс істейтін 89 қазандық бар екендігін де айта кеткен жөн. Қазіргі уақытта жылына 5 690 тонна зиянды қалдық шығаратын бұл қазандықтарға қатысты проблеманы шешу жолы табылмай тұр.

Ақтөбе




Ақтөбе қаласы ауасының ластану индексі – 7. Қаладағы кәсіпорындар жылына 26,4 мың, ал көлік құралдары 35,7 мың тонна зиянды қалдық шығарады. Бірақ, қала ауасын негізгі ластаушы - ескірген кәріз тазарту құрылғылары. Осы проблеманы шешу үшін қала ауасының ластану проблемасын шешуге бағытталған 33 іс-шарадан тұратын Жол картасы бекітілген. Оны жүзеге асыру нәтижесінде эмиссия көлемі 20-дан 30 пайызға дейін азаймақ. Сонымен қатар «Қазхром» трансұлттық компаниясы да 1 және 2-ші электрсүзгілерін жаңғыртуды көздеп отыр. Бұл да зиянды заттар шығарындыларын 30 пайызға дейін төмендетуге септігін тигізеді. Қазірдің өзінде ферроқорытпалар зауытында цехтарды жаңарту және жаңғырту жобасы қолға алынған.

Бүгінде қалада кәріз тазарту құрылғыларын жаңғырту және жаңарту жобасы әзірленіп жатыр. Ақтөбе қаласының тапсырысы бойынша қазіргіуақытта кәріз тазарту құрылғыларында көмірсутегі шығарындыларын басатын әрі жоятын арнаулы катализатор қолданылып жатыр.

Атырау




Мұнайлы астана Атыраудың да ауасы лас, ластану индексі 7-ге жетіп отыр. Қаланың ластануына негізінен өнеркәсіптік нысандар кінәлі. Қалада 147 табиғатты пайдаланушы орналасқан, оның алтауы ірі кәсіпорын саналады. Оның ішінде жалпы шығарындылардың 50 пайызы «Теңізшевройл» ЖШС-не, 14 пайызы NCOC пен «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ына және 7 пайызы Атырау мұнай өңдеу зауытына тиесілі. Соңғы жылдары ауаның көміртегімен жоғары деңгейде ластануы байқалып жүр. Оның басты себебі – «Сасық сайдың» булануы.

Осы проблемаларды шешу және қаланың экологиялық ахуалын жақсарту үшін 40 іс-шарадан тұратын жол картасы бекітілген. Оның аясында Атырау мұнай өңдеу зауытындағы мұнай қалдықтарын сорғыту жүргізілді. Атырау қаласының сол жағалауындағы кәріз тазарту құрылғылары жаңартылды. 2023 жылы ескі кәріз тазарту құрылғыларын жаңарту аяқталады. 2021 жылдың тамызынан Атырау мұнай өңдеу зауыты «Тазалық» жобасын жүзеге асыруды қолға алып, «Сасық сай» булану тоғанын қалпына келтіру жұмыстарын қолға алған. Оған 300 млн теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В. компаниясы 2022 жылдың соңына дейін жаңа тазарту құрылғысының құрылысын аяқтайды. Ол «Астрахань-Маңғышлақ» су таратқышынан су тұту көлемін 70 пайызға дейін қысқартуға және суды қайтадан пайдалану көлемін арттыруға мүмкіндік береді.


Жоғары қарай