Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Әуежайдың өрт қауіпсіздігі қалай қорғалады

2021 жылдың 28 тамыз 2021 21:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Күні кеше Жамбыл облысының аумағында орналасқан әскери бөлімнің инженерлік оқ-дәрі қоймасынан шыққан өрт салдарынан әскери қызметшілермен қатар бірнеше өрт сөндірушінің мерт болғаны белгілі. Ал сол өрт сөндірушілердің өмірі күнделікті қауіп пен қатерге толы екендігін көзбен көрмесек, сөзге сене бермейтіндігіміз тағы бар. Жоғарыда аталған апат орын алардан бір күн бұрын елордадағы әуежайдың, оның қосалқы ғимараттарымен қатар ұшып келетін және ұшып кететін ұшақтардың қауіпсіздігін бақылауда ұстайтын арнаулы өрт сөндіру қызметінің жұмысымен танысып қайтқан едік.

Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайдың ұзындығы 3 700 метрді құрайтын ұшу-қону жолағының бойында 2 өрт сөндіру стансасы орналасқан.

Бұл стансалар ұшу-қону жолының соңғы нүктесіне дейінгі аралыққа не-бәрі 180 секундтің ішінде өрт сөндірушілер қажетті асай-мүсейін артынып, өрт сөндіру машинасымен жетіп қана қоймай, қызыл жалынды сөндіру жұмысына шұғыл кірісуі үшін ыңғайлы жасалған.

Жалпы, апат болған жерге әуежайдың өрт сөндіру тобының 3 минуттың ішінде жетуі - IKAO стандартында көрсетілген талап.




Әуежайға кіру үшін рұқсат қағазын алып, арнаулы көлікпен стансаға жеткен бізді Ұшуларды өрт-апаттық құтаруды қамтамасыз ету қызметінің бастығы Шәміл Жармағамбетов қарсы алды.

«Біздің қызмет ұшуларды өрт-апаттық құтқаруды қамтамасыз етуге арналған. Әуежайымыздан ұшып кететін және ұшып келетін барлық борттың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Орын алған жайтқа орай шұғыл әрекет етіп, апаттық құтқару жұмыстарын жүргіземіз, әуе кемелерінен адамдарды құтқарамыз. Сонымен қатар әуежайдың барлық ғимараттарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету де біздің қызметке жүктелген», - дейді ол.




Бұрынырақ әуежайдың өрт сөндіру қызметі қаланың өздеріне тақау маңында шыққан өртті сөндіруге де жұмылдырылатын. Қазір мұндай қажеттілік жоқ, қалада өрт сөндіру деполары жеткілікті.

Дегенмен, әуежайдың өрт сөндіру қызметі Нұр-Сұлтан қалалық өрт сөндіру қызметімен тығыз байланыста. Арнаулы радио толқын арқылы қалада болып жатқан тосын оқиғалардың барлығынан хабардар болып отырады.




Әуежайдың маңайында шығып қалатын өрт кезінде қалалық әріптестеріне шұғыл хабарласып, координаттын да беретін кездері болады.

Өйткені, оларға қойылған басты талап - әуежайдың және ұшып келетін, кететін ұшақтардың қауіпсіздігі. Сондықтан орнында тұруы тиіс.




«Барлығы IKAO ұсынымына сай жасалған. Бізде ұшу-қону жолағының соңғы нүктесіне дейін жетуге не бәрі 180 секунд қана бар. Сондықтан стансалар да ыңғайлы орналасқан, нормативті емін-еркін орындаймыз. Яғни, ұшу-қону жолағының бір бетінде төтенше жағдай орын алатын болса, онда тақау орналасқан станса өрт сөндірушілері оқиға орнына жедел жетеді. Жалпы, стансаларымыз қажетті құрал-жабдықтармен,арнаулы өрт сөндіру киімдерімен, техникамен жабдықталған», - деді Шәміл Жармағамбетов.

Әр стансаның жоғары қабатында мұнара орналасқан. Мұнара толықтай шыны. Дәл осы мұнарадан өрт сөндіру қызметінің мамандары әуежайға ұшып келетін және ұшып кететін ұшақтармен қатар төңіректегі болып жайтқан жайттың барлығын жіті бақылауда ұстап отырады.




«Әуежайдың диспетчерлігімен және қалалық өрт сөндіру қызметімен тікелей байланыс бар. Әуежайдың барлық ғимаратында өрт дабылы орнатылған», - деді Ұшуларды өрт-апаттық құтаруды қамтамасыз ету қызметі бастығының орынбасары Қанат Әкішев.

Әуежайдың өрт сөндіру қызметіне кез келген адам жұмысқа тұра алмайды. Үміткердің алдын ал дайындық курсынан өтуі, шымыр болуы, кез келген қиын сәтте шұғыл әрекет ете білуі қажет.







Ал бүгінде әуежайда жұмыс істеп жатқан өрт сөндірушілер тосын жайт орын алған кезде әуе кемесіне қалай жақындау керектігін, апаттық құтқару жұмысын қалай жүргізу қажеттігін, қандай қауіпсіздік техникасын сақтау тиістігін өте жақсы біледі.




«Тәуекел барлық уақытта бар. Бірақ, ол ақылға қонымды толуы тиіс», - деді Шәміл Жармағамбетов.

Әуежайдың екі өрт сөндіру стансасында өрт сөндіруге арналған 5 машина бар. Қалалық өрт сөндіру техникаларына қарағанда олар сыртқы пішінімен емес, атқарар қызметіне байланысты бірқатар ерекшелігі бар.

Көлікте су атқылауға арналған жоғарғы және төменгі лафет орнатылған. Солардың көмегімен суды 70 метрге дейінгі қашықтыққа шашуға болады.







Жалпы, қауіпсіздік талаптарына сәйкес, өрт сөндіру көлігінің апатқа ұшыраған ұшаққа 30 метрге дейінгі қашықтыққа жақындауға рұқсат беріледі. Өртті сөндіру үшін сумен қатар арнайы химиялық көпіршік те қолданылады.




Әуежай өрт сөндіру машинасының тағы бір ерекшелігі қызыл жалынмен күресумен қатар өзін-өзі де қорғайды. Яғни, төменгі лафет арқылы жақындаған өртті сөндіруге де қауқарлы.

«Яғни, бұл көліктер өзін де қорғай алады. Өйткені, ұшақтан аққан отын жермен ағып көлікке де жетуі мүмкін ғой. Мұндай жағдайда егер от көлікке жақындайтын болса, онда төменгі лафет көмегімен өзін қорғай алады», - деді Шәміл Жармағамбетов.



























































Жоғары қарай