Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ауқымды операция: Елордада 30 млн теңгенің есірткісі тәркіленді

2020 жылдың 18 қараша 2020 14:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда полициясы есірткі сатушыларды ұстауға бағытталған ауқымды арнайы операция өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жедел іздестіру шараларын өткізу барысында Жеңіс көшесі бойында бұған дейін істі болған 39 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Оның сөмкесін тінту барысында гашиш салынған 13 полиэтилен пакеті табылды. Сондай-ақ күдікті тұрып жатқан пәтерді тінту барысында гашиш салынған 3 полиэтилен пакеті және сатуға дайын есірткі салынған 32 түйіншек тәркіленді.

«Арнайы операция нәтижесінде заңсыз айналымнан шамамен 20 келі есірткі заты тәркіленді. Оның қара базарда бөлшек сауда кезіндегі құны 30 млн теңгеден асып жығылады. Елорда аумағына есірткі жеткізуге және сатуға қатысы бар қылмыстық тізбенің өзге де қатысушыларын анықтауға бағытталған жедел іздестіру шарасы жүргізіліп жатыр», - деді ведомстводан.

Қазіргі уақытта ұсталған адамның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі, 297-бабы 3-бөлігі және 287-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті 10-нан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ол Нұр-Сұлтан қалалық ПД уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.



Жоғары қарай