Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Australian Open: Александр Бублик чемпионатты жеңіспен бастады

2022 жылдың 17 қаңтар 2022 12:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 35-ракеткасы Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 141-орында тұрған америкалық Эрнесто Эскобедомен өткізді.

Бір қызығы, америкалық теннисшіні іріктеу сайыстарының финалында Михаил Кукушкин 6:4, 5:7, 7:5 есебімен ұтқан болатын.

Соған қарамастан, Э.Эскобедо жарысты ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алып, негізгі додаға қосылды.

А.Бублик 24-те болса, қарсыласы одан бір жасқа үлкен еді.

Бірінші партияда америкалық теннисші чемпионатқа өзінің бос келмегендігін байқатты – 6:3.

Екінші сетте тай-брейкте А.Бублик шеберлік танытты – 7:6 (7:5). Үшіншісінде де қарсыласына дес берген жоқ – 6:3.

Төртінші партияда қазақстандық теннисші 3:0 есебімен алға кетті. Ақыры сол басымдылығын сақтап қалды – 6:3.

А.Бублик 2 сағат 36 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында 24 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 3 эйс, 2 брейктен (9 брейк-пойнт) аса алған жоқ.

А.Бубликтің екінші айналымдағы қарсыласы мықты әрі тәжірибелі. Әлемнің 20-сыншы, чемпионаттың 17-ракеткасы, 35 жастағы франциялық Гаэль Монфис алғашқы айналымда рейтингте 64-орындағы аргентиналық Федерико Корианы 6:1, 6:1, 6:3 есебімен оңай жеңді.

Дегенмен А.Бублик Г.Монфисті күтпеген жерден 2020 жылғы Франция ашық чемпионатының алғашқы айналымында 6:4, 7:5, 3:6, 6:3 есебімен ұтып кеткен болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингіде рекордтық көрсеткішке қол жеткізгенін, қазақстандық теннисшінің Мысырдағы жарыстың жеңімпазы атанғанын, Аустралия ашық чемпионатында алғаш рет тоғыз қазақстандық теннисшінің өнер көрсететінін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Юлия Путинцева алғашқы айналымнан аса алмады.


Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай