Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Ауыл бизнесін дамытуға қанша ақша бөлінеді

2018 жылдың 14 мамыр 2018 12:35

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шағын несиелендірудің көлемі 62 млрд теңгеге ұлғаяды. Соның ішінде қалада және ауылды жерде берілетін несиелер бар. ҚазАқпарат тілшісінің ресми сауалына жауап берген Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры ауылдағы бизнеске нақты қанша қаржының бөлінетінін нақтылады.

Айта кеткен жөн, "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ «ҚазАгро» xолдингінің еншілес компаниясы болып саналады. Аталған компания 2017-2021 жылдарға арналған "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасы аясындағы шағын несиелендіруге жауапты. Былтыр шағын несиелерге жалпы сомасы 27 млрд теңге бөлінген болатын. Соның 16,6 млрд теңгесі "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" арқылы берілді. Несиелер жұмыссыздарға, өз-өзін жұмыспен қамтып жүргендерге, ауылшаруашылық кооперативтері мен шағын кәсіпкерлік субъектілерге берілді. Осылайша, ауылды жерде 4 638 адам өз кәсібін ашты. Басты талап - кәсіпкерлік дайындықтан өту және тұрақты жұмыс орындарын ашу.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ тарапынан берілген қаражат көлемінен мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жобаларға - 78 пайыз, өсімдік шаруашылығына - 10 пайыз, қалғаны - ауылшаруашылық емес бизнес түрлеріне бөлінді. Бұрын Қор 20 млрд теңгеге шағын несиелерді беруді жоспарлап отырса, қазіргі уақытта бөлінген қосымша қаражат есебімен, сондай-ақ несие бойынша өтемақы қаражатын ескере отырып, нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша ауылдағы кәсіпкерлікті қаржыландыруға 26,7 млрд теңге бөлінеді деп күтілуде", - делінген Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының жауабында.

Айта кетейік, биыл шағын несиелендіру бойынша бірқатар өзгерістер бар. Атап айтқанда, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер үшін бір шектеу енгізіліп отыр. Сондай-ақ, несиенің сомасына қатысты бірқатар түзетулер енгізілді.

Жоғары қарай