Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ауыл мектептерін үздік тәмамдаған түлектерді педагогика мамандығына тарту керек - депутат

2021 жылдың 20 қаңтар 2021 12:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова мектептерге білікті кадрларды тартуға қатысты ұсыныс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға қарай барлық мектептерді мұғалімдермен 100 пайыз қамтамасыз ету қарастырылған. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мұғалімдердің еңбекақысы жүйелі негізде едәуір артты. Сонымен бірге, «Педагог мәртебесі туралы» заң – педагог қызметінің өзекті әлеуметтік және кәсіби мәселелерін тиімді шешу мақсатында дер кезінде қабылданды деп білеміз. Бұл құптарлық жағдай. Бірақ біздің депутаттық сауалымыз сапалы педагог кадрлармен қамтамасыз ету арқылы мектептердегі тұрақты білім сапасын арттыру мәселесіне арналады. Көптеген халықаралық зерттеулер бойынша бұл мәселе педагог кадрлардың білім деңгейіне тікелей байланысты екені белгілі», - деді Ж. Сүлейменова Білім министрі Асхат Аймағамбетовтің атына жолдаған депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, мектептерде сапалы кадрлардың тапшылығы ата-аналардың дайындық орталықтарында репетиторлардың ақылы қызметіне жүгіну мәжбүр етеді.

«Қазіргі педагог мамандарының тапшылығы, өтпелі кезеңде мектепте жақсы оқыған түлектердің педагогикалық мамандыққа бармауына, ал педагогикалық жоғары оқу орындарындағы студенттердің ауыл мектептеріне келмеуіне байланысты. Осы тұрғыдан, ауыл мектептерін үздік тәмамдаған түлектерді педагогика мамандығына үгіттеу жұмыстарын жүйелендіріп, жандандыру қажет», - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, көп жылдық тәжірибе көрсеткендей, педагогикалық университеттер түлектерінің көпшілігінде орта мектептерде пәндік және әдістемелік білім деңгейінің жеткіліксіздігі байқалады. Осы ретте, академиялық адалдық қағидаттарына негізделген тәуелсіз негізде педагогикалық жоғары оқу орындары бітіруші түлектерінің пәндік білім деңгейін тексеру тетіктерін ойластыру керек.

«Педагогикалық жоғары оқу орындарында қазіргі замандағы жаңа инновациялық педагогикалық технологияны, әдіс-тәсілдерді студенттерге тиімді үйрету мақсатында онлайн негізде еліміздегі новатор ұстаздардың авторлық курстарын ұйымдастыруды ұсынамыз», - деді Жұлдыз Сүлейменова.


Жоғары қарай