Ауа райы
Астана -16 °С
Алматы -14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Ауыл» партиясы ұн экспортының назардан тыс қалғанын сынға алды

2020 жылдың 27 қараша 2020 17:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда дәнді дақылдарды қайта өңдейтін 270-ке жуық кәсіпорын бар, бірақ олардың толық әлеуеті пайдаланылмай отыр. Бұл мәселені «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттар партиясы көтеріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда менің есебім бойынша жылына 15-16 млн тонна дәнді-дақыл өндіріледі, дәнді дақылдарды қайта өңдейтін 270-ке жуық кәсіпорын бар. Олардың қуатымен бір жылда 11-12 млн тонна дәнді дақыл өңдеуге болар еді. Өкінішке қарай, былтыр 2019 жылы олар 5 млн тонна ғана дәнді дақыл өңдеген. Мұнда мемлекеттік саясатты өзгертуіміз керек», - деді «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттар партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рақымбеков Ақмола облысындағы «Аян» макарон-диірмен комбинатындағы кездесуде.

Оның айтуынша, 2011-2013 жылдары тек қана етке көңіл бөлініп, Қазақстанның брендіне айналған ұн өндіру, макарон жасау, яғни дәнді-дақылдарды қайта өңдеу жұмыстары назардан тыс қалды.

«Жалпы халықаралық саудада жылына 10 млн тонна ұн саудаланады. Бұл салада соңғы 10-15 жылда үш мемлекет көш бастап тұрды – Еуроодақ, Түркия және Қазақстан. Ал 2007-2009 жылы Қазақстан ұн экспортында дүние жүзінде бірінші орынға шыққан. Онда кәсіпорындарға бір ғана мемлекеттік қолдау көрсетілді – бидайды сатып алу үшін несиенің сыйақысын субсидияладық, 18-20 пайыздан 5 пайызға түсіріп беретінбіз. Соның арқасында кәсіпорындар жоғары көрсеткішке жетті.

Бірақ 2011-2013 жылдары қайта өңдеу кәсіпорындарының басшылары көмек сұрап келгенде, министрлік «Сендер кәсіпкерсіңдер, өздерің шешіңдер, біз сыртқы саудамен айналыспаймыз» деп шығарып салатын. Бірақ, ет экспортымен тікелей өздері айналысып жүретін. Осындай екі түрлі стандарт болды. Біз мұнда етпен айналыспа деп отырған жоқпыз, қолдағы алтынның қадірін бағалап, етпен бірге ұн өнімдерін де шығарайық», - дейді Т. Рахымбеков.





Соңғы 10 жылда Қазақстан ұнды Азия елдеріне жиі экспорттайтын. Отандық ұн Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістанға баратын.

«Тәжіктер 95 пайыз ішкі сұранысын Қазақстанның ұнымен жабатын. Ал қазір біздің шенеуніктердің «арқасында» 95 пайызын өз ұнымен жауып отыр. Онда бидай өсіп кеткен жоқ, Қазақстанның бидайын алып отыр. Былтырғы статистикалық деректерге сүйенсек, осы екі мемлекетке 700 мың тонна ғана ұн шығарыппыз. Бидайға есептегенде 1 млн тонна. Ал бидай ретінде 3,5 млн тонна шығарыппыз. Сол 3,5 млн тонна бидайды өз елімізде өңдегенде, жұмыс орындары ашылып, салықтың бәрі өзімізде қалар еді», - дейді спикер.

Партия өкілі шенеуніктердің тиісті шешім қабылдауы керектігін айтты.




«Біріншіден, дәнді жақыл өңдеушілерге айналым ақша сыйақысын түсіріп, несиені 4 пайыздан асырмау керек. Және электроқуат тарифін азайту керек, өйткені ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындар тарифі 1,5-2 есе қымбат болып отыр. Оны біз талай айтқанбыз және теміржол тарифін ұсынғанбыз. Бидай тасымалдағанда теміржол тарифін көтерейік те, дайын ұн тасымалдағанда – керісінше түсірейік. Қызылжардан Ташкентке жеткенше жолдың 99 пайызы Қазақстанның аумағында болады. Яғни, дайын ұн сатып алуға жағдай жасау керек. Кімге сатса да, бидайдың бағасы бәрібір 150 доллардан аспайды. Одан фермер ұтылмайды. Ішкі нарықта жағдай жасаса, ұн мен макарон жасайтын комбинаттар сатып алар еді. Фермерлерге де, ұн өндіретін кәсіпорындарға да жағдай жасау керек. Тіпті осымен шектеліп қалмай, әрі қарай глютен, белок экспортқа шығарсақ, одан да жоғары бағаланады», - деді Төлеутай Рахымбеков.






Жоғары қарай