Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ауылда өнер мектебі ашылды - Алматы облысы

2021 жылдың 4 желтоқсан 2021 11:29

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Сарыөзек ауылында 250 орындық өнер мектебі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарыөзек ауылында 4,5 мыңдай оқушы болса, солардың 3 мыңы осы өнер мектебіне келетін болады. Жаңа шаңыраққа облыс бюджетінен 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл жерде оқушылар бейнелеу өнеріне машықтанып, би билеп, түрлі аспаптарда ойнап үйренеді.

«Осы өнер мектебіне келгеніме қуаныштымын. Мен бұл өнер мектебіне бейнелеуден қатысамын. Мектепке суретті салуды жақсы көргендіктен келдім. Осы өнер мектебінде өзімнің бағымды сынап көрейін деп келдім», - деді оқушы Айзере Зуфар.

Сарыөзек ауылында ашылған өнер мектебі дарынды балалардың талабын шыңдайтын өңірдегі 40-шы шаңырақ. Өнер мектебі 40-қа жуық адамды жұмыспен қамтыды. Олардың жартысынан астамы мұғалім. Ұстаздар өздерінің өнерін ата-аналар алдында паш етіп, өздерінің кіл мықты маман екенін көрсетті.

«Осы 40 мекемеге 2 млрд теңге қаражат салып отырмыз. Ендігі жылы кәсіпкерлерді шақырсақ, онда тағы екі млрд сонымен 4 млрд осы қосымша білім беру ұйымдарына беріп отырмыз. Бұл үлкен көрсеткіш, үлкен жақсылық деп ойлаймын»,- деді Алматы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жаңыл Сүлейменова.

Жуырда дәл осындай өнер мектебі Райымбек ауданында да ашылмақ. Жалпы облыс бойынша оқушылардың 71 пайызы қосымша білім беру мекемелерінде тәлім алады.





























Жоғары қарай