Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ауылыма кітап: Қабанбай ауылы кітапханасына 100-ден астам туынды табысталды - Ақмола облысы

2021 жылдың 27 тамыз 2021 23:24

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Ауылыма кітап» акциясының аясында Қабанбай ауылының Мәдениет үйінің кітапханасына 100-ден астам кітаптар мен журналдар табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеше «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының қызметкерлері «Ауылыма кітап» қайырымдылық акциясының аясында Ақмола облысы Целиноград ауданы Қабанбай ауылының Мәдениет үйінің кітапхана қорына 100-ден астам кітаптар мен журналдарды табыстады.

ҚҚДИ қызметкерлері ауыл кітапханасының қорына 100-ден астам ғылыми, көркем және публицистикалық, сондай-ақ балалар әдебиетіне қатысты шығармаларды жеткізді. Оның ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақ тіліндегі гуманитарлық 100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған әлемдік озық университеттердің гуманитарлық бағыттағы оқулықтары мен кітаптары да бар.

«ҚҚДИ «Рухани жаңғыру» және аймақтық жобалық кеңселері де «Ауылыма кітап» акциясына белсенді ат салысуда. Бүгін біз әлемдік үздік кітаптардың қазақ тіліне аударылған даналарын Қабанбай ауылының жастары мен балаларына арнап табыстап жатырмыз. Ауылдық жерлердегі кітапхана қорларының сапасы қалалық, республикалық мектептердегі қорлардан ерекшеленеді. «Ауылыма кітап» акциясы дәл осы түйіткілді мәселені шешуге бағытталған», - деді «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ Басқарма Төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова. Және де барлық ынталы топтар мен азаматтарды аталмыш акцияға қатысуға шақырды.

Мәлім болғандай, ауылдық жерлердегі кітапхана қорын сапалы кітаптармен толықтыру мақсатында Отбасы күніне орай елімізде республикалық деңгейдегі «Ауылыма кітап» қайырымдылық акциясы басталған болатын. Бұл акция Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ҚҚДИ «Рухани жаңғыру» Отбасы институтын зерттеу орталығы және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының әлеуетімен жүзеге асуда.

Кітап жинау және табыстау шаралары республикалық деңгейде барлық елді-мекендерде тамыздың 16 мен қыркүйектің 20 аралығында өтеді. Акция барысындағы барлық ақпараттарды #Ауылымакітап2021 хештегі арқылы таба аласыздар.


Жоғары қарай