Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ауыр атлетикадағы допинг дауы Токио Олимпиадасына әсер етті ме

2021 жылдың 30 шілде 2021 19:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің ауыр атлетика саласындағы допинг дауы Токио Олимпидасының нәтижесіне әсер етті ме? Бұл сұраққа ауыр атлетикадан ҚР Мемлекеттік жаттықтырушысы Меңдіхан Тәпсірұлы жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің ауыр атлеттер төңірегіндегі допинг дауы Олимпиада нәтижесіне әсер етті деп айта алмаймын. Осыдан бірнеше жыл бұрынғы мәселені қозғау әділетсіз болып, сенімді жоғалтар еді. Оның үстіне соңғы жылдары біздің зілтеміршілер допинг ережесін бұзған емес. Жалпы Рио Олимпиадасынан кейін еліміздің Ауыр атлетика федерациясы допингпен күресте айтулы жұмыс атқарып келеді. Яғни, спортшыларға допинг тыйымы салынып, қатаң бақылауға алынды. Сондықтан да 2016 жылдан бері допинг фактісі тіркелген емес және спортшыларымыз ережені бұзды деп ойламаймын», - деді Меңдіхан Тәпсірұлы ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар, мемлекеттік жаттықтырушы ел намысын қорғау мақсатында шетелден легионер шақыруға қатысты пікір білдірді.

«Жасыратыны жоқ, бұрын сырттан спортшылар шақырдық. Атап айтқанда, Ресей, Әзербайжан елінен орта және жеңіл салмақта шетелдік зілтеміршілер Қазақстан намысын қорғаған болатын. Қазір өз атлеттеріміз жеткілікті. Шетелден спортшы шақыру мақсатымыз жоқ», - дейді ол.

Бұған дейін еліміздің Ауыр атлетика федерациясының атқарушы директоры Алдияр Нұралинов ел аумағында ауыр атлетика жарыстарында допингпен ұсталып жатқан спортшылардың барын айтқан еді.


Автор Әли Ибраев
Басты сөздер: Спорт, Олимпиада,
Жоғары қарай