Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Авиажолаушылардың карантинге жатқызылуы: Денсаулық министрі талапты түсіндірді

2020 жылдың 1 қазан 2020 19:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой басқа елдерден Қазақстанға әуе жолымен сапарлаған кезде карантин шараларына түспеудің амалын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы кезде коронавирус инфекциясымен күрес бағытында айналыстық. Сәйкесінше жағдай тұрақтанып, көрсеткіштер айтарлықтай оңтайлы болды. Алайда, Еуропада және басқа елдерде індет жұқтыру жағдайы өсіп келе жатқанын көріп отырмыз», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сонымен қатар ол ТМД елдерімен салыстырғанда Қазақстанда бұл көрсеткіш төмен екенін жеткізді.

«Біз басқа елдер шектеу шараларын қалай енгізіп жатқанын байқап отырмыз. Біздің азаматтар шетелге барғанда, бұл елдерде жолаушылар ПТР-анализін сұрайтынын ескеріп отырмыз. Сондықтан біз бұл шараларды неге енгізудеміз? Атап айтқанда, бұл – Қазақстанға коронавирус инфекциясын кіргізбеу мақсатында жасалып отыр. Әуе көлігімен келген бойда екі күндік карантиндік стационарға жатқызылмау мүмкіндігі де бар екенін түсіну керек. Ол үшін ұшаққа отырар алдында коронавирусқа қатысты зерттеуден өтуіңіз керек. Қолыңызда тиісті анықтама болса, Қазақстанға ешбір кедергісіз сапарлай аласыз. Бұл анықтама мерзімі үш күннен аспауы керек. Егер бұл тексеруден өту мүмкін болмаса, онда Қазақстан азаматтары үшін ақысыз түрде ПТР-тестілеу ұсынылады. Яғни еліміздің карантиндік стацинарларында болады. Тест нәтижесін алғаннан кейін, азаматтар үйлеріне жіберіледі», - деді Алексей Цой.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Көліктегі мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов 2-санаттағы елдерден Қазақстанға халықаралық әуе рейстерімен келетін қазақстандықтар мен шетелдіктер үшін COVID-19 бойынша жаңа талаптарды енгізуге қатысты түсінік берді.

Осы орайда шетел азаматтарында мемлекеттік шекарадан өту кезінде үш күннен аспайтын мерзімдегі COVID-19-ға теріс нәтиже туралы анықтама болуы керек. Бұл талап ескерілмесе, олар сапарлайтын әуежайдан ұшақ бортына қабылданбайды. Ал Қазақстан азаматтарында анықтама болмаса, онда олар келген бойда борттан ПТР-анализ тапсыру үшін екі күндік карантинге стационарға орналастырылады.


Жоғары қарай