Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Айдос Сарым әлеуметтік желілердің теріс әсері туралы пікір білдірді

2020 жылдың 12 қараша 2020 16:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Саясаттанушы Айдос Сарым әлеуметтік желілердің рөлі жайында пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Интернет бұрыннан бар, бірақ әлеуметтік желі пайда болғаннан бері мақты сарапшылардың бір ренжитін, өкпе айтатын жағдайы бар. Жеке пікіріме, тәжірибеме тоқталсам, бұл бағытта біраз ізденіп, зерттедім. Болашақта осы тақырыпта кітап жазғым келіп жүр. Қазіргі кезде әлеуметтік желілер өзінің бастапқыда негізін қалаушылар, идея авторлары айтқан бірде-бір мақсатына жетпеген сияқты. Біріншіден, әлеуметтік желі демократияның құралы емес деген тезисті айта аламын. Демократия дегеніміз - ол ең алдымен процедура. Интернет жоқ заманда да революция, саясат, партиялар болды. Менің ойымша, бұл мәселе тұтынушылық заманында тереңірек сияқты», - деді А. Сарым Astana Media Week 2020 шарасы аясындағы семинар барысында.

Осы орайда ол Қазақстандағы әлеуметтік желіде кейде күні-түні революция болып жататынын, адамдар түрлі наразылықтарын білдіретінін айтты.

«Жақсы мүмкіндік бола тұра, әлеуметтік желілер ешқандай демократияны керемет қылған жоқ, оны көріп жүрміз», - деді саясаттанушы.

А. Сарымның пайымынша, біздің қоғамға теріс әсер етіп отырған құрал – ол әлеуметтік желі. Әлеуметтік желі, ең алдымен, факті дегенді жойып барады. Себебі, пікірлердің алуандығы көп. Сондықтан әлеуметтік желіге тоқталсақ, біздің мінезімізге, қоғамның мінезіне көрсетіп жатқан үлкен теріс әсері бар екенін де ескеруміз керек. Өзіміздің кәсіпті өлтіретін, кәсібімізге қарсы шығатын дүниелерден аулақ болу керек, соның бірі – әлеуметтік желі. Әлеуметтік желі арқылы ақпарат таратуға, шығарған өнімді таратуға болады.

«Қоғамымыз ыдырамасын, қоғамымыз бір-біріне оқ ататын дәрежеге жетпесін десек, онда тоқтау айтып, сабырға шақыратын, айтатын кезіміз келген сияқты. Журналистің де, сарапшының да осыны қоғамға айтуға құқы бар. Ол үшін ізденіп, ойланып көрейікші деген ұсынысымды жеткізбекпін», - деді саясаттанушы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 11 қарашада елордада Astana Media Week 2020 шарасы басталғаны хабарланды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – отандық медиасаланы дамыту мен индустриядағы іскерлік қарым-қатынасты аймақтық және халықаралық деңгейде ілгерілету. Медиаапталық төртінші жыл қатарынан әлемнің түкпір-түкпірінен жетекші сарапшыларды дәстүрлі түрде жинап келеді және өзекті тақырыптар талқыланады.


Жоғары қарай