Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Айдос Сарым Еуропарламент қарары туралы: Депутаттардың 99% Қазақстанға барып көрмеген

2022 жылдың 21 қаңтар 2022 15:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Еуропарламенттің Қазақстандағы жағдай бойынша қабылдаған қарарына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда Батыстың қандай да бір сынын айрықша қастерлейтін немесе тым негативпен қабылдайтын қоғамдық диверсия бар сияқты. Менің ойымша, бұл нәрселерге сабырлы қарауды үйрену керек. Өйткені, ақырзаман болған жоқ. Әрине, бұл жағымсыз сәт. Мен ҚР Сыртқы істер министрлігінің барлық айтылған ұстанымымен келісемін – бұл өте асығыс қабылданған шешім. Осыған байланысты Еуропалық Комиссияның позициясына көбірек бет түзеу қажет. Кеше депутаттар алдында сөз сөйлеген ресми комиссар өте дұрыс және қажетті нәрселерді айтты», - деді Айдос Сарым ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатта.

Осыған байланысты, Айдос Сарым еурокомиссар Стелла Кириакидестің «Ресми тергеу қорытындыларын күту керек, барлық материалдарды алған соң ғана барлық қорытындыларды жасау керек» дегенін айтты.

«Еуропалық Парламенттің шешімін белгілі бір дәрежеде саяси ойынның элементі деп санаймын. Екінші жағынан, Еуропалық Парламенттің қандай ұйым екенін түсіну керек. Еуропалық Парламент – көбінесе өкілдік қызметімен айналысатын құрылым, ал Еуропаның жалпы сыртқы саясатын Еуропалық комиссия белгілейді, ал ұлттық саясатты Ұлттық Парламент пен Үкімет анықтайды. Барлығымен жұмыс істеу керек, бәрін қаз-қалпында көрсету керек», - деді Мәжіліс депутаты.

«Еуропалық Парламенттегі бес-алты партияның әрине, Еуропаның түрлі спектрін білдіретінін мойындау керек, бірақ бұл депутаттардың 99%-ы Қазақстанға ешқашан барып көрмеген. Олар Қазақстан туралы ештеңе білмейді. Кеше олар жануарларды тасымалдаудан бастап Судандағы жағдайға дейін көптеген мәселелерді талқылады. Қазақстанға көптеген адамдар келгенін қалаймын, біздің елмен танысып, оның қандай үлкен, күрделі, бірақ әдемі ел екенін көргенін қалаймын... Тек саясаттандырылған көші-қон өкілдерімен кездесіп, бір топ құқық қорғаушылардан ақпарат алып қана қоймай, жалпы тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен бизнес өкілдерімен кездессе, қаза тапқан әскери қызметшілер мен полицейлердің аналарымен кездессе, болған оқиғаның бәрін көрген бейбіт тұрғындармен кездессе деймін. Сонда олардың көз алдында мүлдем басқа картина болатынына сенімдімін. Сондықтан мен бұл қарардан трагедия жасамас едім»,- деп атап өтті Айдос Сарым.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутатының айтуынша, Еуропалық Парламент бүгінгі күнге дейін Қазақстанға қатысты 20-дан астам қарар қабылдаған. Бұл қарарлар Еуропа елдерінің Қазақстанға қатысты саясатына қатты әсер еткен жоқ.

«Тергеудің ресми қорытындылары шығып жатыр – шамамен 700-ге жуық қылмыстық іс бар. Барлық елшіліктер мен халықаралық ұйымдар бұл дерекпен танысуы керек, сонда олар болған оқиғадан толық және жан-жақты хабардар бола алады. Мен қазір еуропалық парламентшілермен қарсыласып отырмас едім», - дейді депутат.

Айдос Сарым Еуропарламент өкілдерімен келіссөздер жүргізу қажеттігін айтты.


Жоғары қарай