Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Айдос Үкібай: Елбасы үндеуінің мақсаты – қоғамды топтастыру

2020 жылдың 20 наурыз 2020 17:19

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуіне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетсек бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жолдаған болатын. Өз үндеуінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті еліміздің барлық азаматын төзімділік танытуға, мемлекет қабылдап жатқан шараларды қолдауға шақырды.

«Кейінгі күндері көптеген кәсіпкер мен еңбек ұжымдары болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамай, қиын кезеңде елге қолдау білдіріп, әлеуметтік жауапкершілікті сезінетінін көрдік. Бұл бәрімізді қуантады. Қазір бұл оң үрдісті жалғастыру қажет деп санаймын. Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздері, ең алдымен, үлкен бизнес өкілдеріне, меценаттарға және Отанымыздың тағдырына немқұрайлы қарамайтын ауқатты азаматтарға арналды. Бүгінгі күннің өзінде қазақстандық кәсіпкерлер коронавирус індетінің салдарымен күресу үшін ақша бөлу туралы шешім қабылдады. Қаражат жинау мұнымен шектелмейтініне сенімдімін», - деді Айдос Үкібай.

Айдос Үкібайдың айтуында Мемлекет басшысының жиналған қаражатты бақылап, қарапайым адамдардың коронавирустық инфекциядан қорғану қажеттілігіне нақты жұмсауды тапсырғанын еске салды. Қоғамдық қор да бүгін құрылады. Қордың Қамқоршылық кеңесіне үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, беделді қоғам және мемлекет қайраткерлері кіреді.

«Елбасы шектеулерге байланысты мәжбүрлі демалысқа кеткен азаматтардың тағдырына алаңдайды. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс берушілерге жүгініп, жұмыс орындарының сақталуын, сондай-ақ осындай «жоспарланбаған» еңбек демалыстарына ақы төлеуді сұрады. Сонымен қатар бүгінгі күні коронавирус пандемиясы жалғыз ғана ауру табылған қалалардың тұрғындарын алаңдатып отырған жоқ. Бұл бүкіл халықтың, мемлекеттің проблемасы. Бұл жағдайда Елбасының айтуынша қауіпті инфекциямен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерге, еріктілерге, әскери қызметкерлерге және полиция қызметкерлеріне қолдау көрсету керек», - деді Айдос Үкібай.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің баспасөз хатшысы кейбір адам «біздің қолымыздан не келеді дейсіз» деген сыңайда сөздер кездесіп жатқанын айтып өтті.

«Айтайын дегенім, асардың бұл жерде мағынасы тереңірек. Үйіміздің есігін қағып тұрған қауіпке қарсы тұру үшін қоғам топтасуы керек. Волонтерлардың қатарын толықтырыңыздар. Жақын адамдарға назар аударыңыз. Бәлкім қарт көршілеріңіз немесе дүкенге шығуға қиналатын мүгедектігі бар адамдар қолдауды қажет етуі мүмкін. Дүрбелең жасамаңыз, толқу тудырмаңыз. Белгіленген ережелерді сақтаған абзал», - деп қорытындылады Айдос Үкібай.


Жоғары қарай