Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Әйелдердің көпшілігі отбасындағы зорлық-зомбылыққа шыдап жүре береді - полицей

2021 жылдың 10 желтоқсан 2021 20:58

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында 500 адам тұрғылықты жері бойынша тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы басталғалы Петропавлда бес әйел полицияға хабарласып, кеңес алған. Олардың барлығы күйеулері қол көтерген жағдайда не істеу қажеттігін білмек болған. Тәртіп сақшылары мұндайда ең алдымен арыз жазуға кеңес береді. Тек осыдан кейін ғана учаскелік полиция қызметкерлері араласып, жағдайды бақылауда ұстайды, алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Алайда әйелдердің ешқайсы бұл кеңесті пайдаланбаған.

«Әйелдер өз өмірлерін жақсы жаққа өзгертуге асықпайды, отбасындағы зорлық-зомбылыққа шыдап жүре береді. Жақында дағдарыс орталығына қала тұрғынын орналастырдық. Оған ішкіш күйеуі күн көрсетпейді. Бірнеше жыл бұрын күйеуі ол әйелді ауыр жарақаттап, сотталды. Соған қарамастан қала тұрғыны айырылысып кеткен жоқ. Бұл - көпшілік әйелдерге тән. «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясының мақсаты да осындай зардап шегушілермен жұмыс істеу, олардың құқықтарын түсіндіріп, кеңес беру», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Әсем Ілиясова.

Акция 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтті. Полицейлер операция аясында жанжалқой ретінде есепте тұрған 500-ден астам тұрғынды тексерді. Заң бұзушыларға 84 қорғаныш ұйғарымы берілді. 25-іне ерекше талап қойылды. Сондай-ақ 11 маскүнем мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді.

Полицейлер отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты 8 7152 49-31-58 немесе 8-708-432-45-61 WhatsApp бар телефон нөміріне және 150 «қауырт желісіне» хабарласуға болатынын еске салады.


Жоғары қарай