Ауа райы
Астана 13 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Айман Мұсақожаева: Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың ұлттық мәдениетінің дамуына орасан зор еңбек сіңірген тұлға

2020 жылдың 18 наурыз 2020 20:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың ұлттық мәдениетінің дамуына орасан зор еңбек сіңірген тұлға. Қазақстан ұлттық өнер университетінің ректоры, ҚР халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор Айман Мұсақожаева осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшысы ретінде Қазақстанның болашағын нақты көре білген тұлға. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанға дәл осындай көшбасшы керек еді. Оның барлық реформасы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталды. Өз басым Нұрсұлтан Әбішұлын қазақтың ұлттық мәдениетінің дамуына орасан зор еңбек сіңірген тұлға деп есептеймін. Оның қолдауымен Қазақ ұлттық музыка академиясын ұйымдастыруға мүмкіндік туды. Осы институттың негізінде Қазақ ұлттық өнер университеті құрылды», - деді Айман Мұсақожаева.

Профессордың айтуына қарағанда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан астанасында дарынды жастардың түлеуіне барлық жағдайды жасаған.

«Бізде шығармашылықтың барлық саласы - музыка, кино, театр, өнер және тағы басқа сала үшін мамандар даярлау мүмкіндігі туды. Ресейдің, Италияның, Испанияның, АҚШ-тың және басқа елдердің жетекші университеттерімен жасалған халықаралық ынтымақтастық бағдарламалары өнердің түрлі салалары бойынша білікті мамандарды даярлауға көмектеседі», - деді Халық әртісі.

Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры өзі жетекшілік етіп отырған университеттің ашылуында Нұрсұлтан Назарбаев «жаңа ғимаратта шығармашылық рухтың көтеріліп, түлектердің Қазақстанды даңққа бөлеуін тілегенін» айтады.

«Қазір Қазақ ұлттық өнер университеті - шығармашылық белсенділігі дамыған көркем оқу орны. Онда фестивальдер, конкурстар, концерттер, көрмелер, спектакльдер, шеберлік сыныптары сияқты шаралар өтіп жатады. Ұйымдастыру залында, Еркеғали Рахмадиев атындағы және Жамбыл Жабаев атындағы үлкен залда, Фредерик Шопен атындағы кіші залда шығармашылық кештер үнемі өткізіліп тұрады. Әр жастағы ҚазҰӨУ студенттері, колледж және университет ұжымдары, оқытушылар мен профессорлар, шақырылған солистер, дирижерлер және топтар өз өнерлерін паш етеді. Өнер университетінің қызықты концерті көпшілікті әр түрлі стиль мен бағыттың музыкасымен таныстырады. Қазіргі уақытта ҚазҰӨУ-де 30-ға жуық шығармашылық топ жұмыс істейді. Олардың қатарында Еуразиялық студенттердің симфониялық оркестрі, Қазақ студенттік фольклорлық оркестрі, «Капричичи» скрипка ансамблі, «Айгөлек» скрипка ансамблі, «Шабыт» халық ансамблі, «Шабыт-ансамбль» домбырашылар ансамблі, «Тлеп» қобызшылары, «Жас-Стар» ансамблі, «Япұрай» виолончелистер ансамблі, Студенттік хор капелласы, ҚазҰӨУ-дің үрмелі оркестрі, BBayan.kz ансамблі, «Kazakh Percussion Group» барабаншылар ансамблі, «Музыкалық білім» мамандығы хоры, Оқу кинотеатры, ҚазҰӨУ студиясы бар», - деп тізіп берді Айман Мұсақожаева.

Студенттердің жоғары кәсіби шеберлігінің көрсеткіші университеттің атағын аспандата түскен.

«Сонымен қатар, мен Қазақстанда баға жетпес аспап - XVII ғасырдың соңында жасалған ұлы итальяндық шебер Страдиваридің скрипкасы бар екенін атап өткім келеді. Әлем тарихының бұл құнды артефакты Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында елге әкелінген. Бүгінгі таңда Страдиваридің жүзден аз скрипкасы бүкіл әлемде сақталған. Олардың бірі біздің елімізде. Барлық әлем каталогтарында оның иесі Қазақстан Республикасы, бірегей аспаптар мемлекеттік жинағы және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мұражайы екендігі жазылған. Бұл скрипка әр түрлі елдерде біздің мәдениетті бейнелейді. Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Тәуелсіздіктің барлық жылдарында елдегі көптеген мәдени жобаға қолдау көрсеткені үшін үлкен алғысымды айтамын», - деп қорытындылады Айман Мұсақожаева.


Перевод Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Тұңғыш Президент - Елбасы,
Жоғары қарай