Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Азаматтар Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жаңа қағидаларымен  қорғалады – судья

2021 жылдың 21 қаңтар 2021 19:42

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылдың 1 шілдесіден бастап Қазақстанда Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енеді. Оның азаматтарға не беретінін Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының судьясы Салтанат Шәмшінұрова түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әкімшілік әділеттің негізгі міндеті – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, тіпті мемлекеттік органның да заңсыз әрекеттерінен қорғау. Азаматтар кодекстің жаңа қағидаттары арқылы қорғалатын болады. Заңнаманың кейбір түсініксіз тұстары азаматтың пайдасына қарай түсіндіріледі (құқықтардың басымдығы қағидаты). Азамат қабылданған әкімшілік актінің заңды және дәйекті екеніне, ал мемлекеттік органның қатесі егер оның кінәсі болмаса, зиян келтірмейтініне сенімді болуы керек», - деді Салтанат Шәмшінұрова.

Кодекс аясында мемлекеттік органмен даулар кезінде сот ісін жүргізудің жаңа әкімшілік түрі енгізіледі. Судья сот ісін жүргізудің жаңа түрі қайда бағытталғанын түсіндірді.

«Сот ісін жүргізудің жаңа төртінші түрінің ерекшелігі – бұдан былай талап-арыздар «Мемлекеттік органның кінәлілік презумциясы» қағидаты бойынша қаралады, ол өз шешімінің, іс-әрекетінің немесе әрекетсіздігінің заңдылығы мен негізділігін дәлелдеуі тиіс. Мұнда азаматтың шешіммен келіспеу туралы сотқа жүгінуі жеткілікті. Сот арызданушыға талаптарды дұрыс тұжырымдауға, формалды қателерді жоюға, іс бойынша объективті шындықты анықтау үшін шара қабылдауға және өз шешімінің орындалуын бақылауға көмектеседі», - деп түсіндірді С. Шәмшінұрова.

Еске сала кетейік, 2020 жылы 29 маусымда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне қол қойды. Ол 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.


Автор Айжан Серікжанқызы
Басты сөздер: Адам құқығы, Заң,
Жоғары қарай