Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 413.12
EUR 452.86
RUB 5.82
CNY 57.92

Азық-түлік тауарлары үшін ҚҚС мөлшерлемесі 8 пайызға дейін төмендетілді

2020 жылдың 2 сәуір 2020 09:22

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін қосылған құн салығының мөлшерлемесі 1 қазанға дейінгі кезеңге 12-ден 8 пайызға дейін төмендетілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түзетілген макроэкономикалық болжамның негізінде 2020 жылға арналған республикалық бюджет параметрлері болжамы нақтыланды. Республикалық бюджеттің кірістері трансферттерді есепке алмағанда 2020 жылы 6,4 трлн теңге көлемінде бағалануда. Бұл бекітілген жоспарға қарағанда 1,7 трлн теңгеге аз. Негізгі төмендеу қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін түсетін түсімдер бойынша күтілуде», - деді министр.

Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін қабылданған салықтық ынталандыру мен жеңілдіктер бойынша барлық шаралар бюджеттің кіріс бөлігінде ескерілді. Ірі сауда нысандары, сауда ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер, қоғамдық тамақтандыру, қонақ үй, хостел және туристік қызмет нысандары жылдың соңына дейін мүлік салығынан босатылды. Салық салудың жалпы белгіленген тәртібінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жыл соңына дейінгі мерзімде жеке табыс салығынан босатылып отыр. Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер бойынша жер салығын жылдың соңына дейін төлемейді. Сондай-ақ, биологиялық активтерінің импорты жылдың соңына дейін қосылған құн салығынан босатылды.

«Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін қосылған құн салығының мөлшерлемесі осы жылғы 30 наурыздан 1 қазанға дейінгі кезеңге 12-ден 8 пайызға дейін төмендетілді», - деді Руслан Дәленов.


Жоғары қарай