Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бағдат Мусин Kaspi банк ақауына қатысты пікір білдірді

2020 жылдың 29 қазан 2020 14:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бір банктегі ақау осалдық ҚР заңнамасына қайшы әрекет ретінде бағаланбауы керек. Бұл пікірді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл жеке ақпараттық жүйе. Егер жеке деректерді өңдеуге және заңсыз пайдалануға қатысты нақты шағымдар болса, біз өз өкілеттігіміз аясында жауап қатамыз. Тиісінше, қазір жеке деректердің таралуы немесе ҚР азаматтарына жеке деректерді теріс пайдалану бойынша зардап келгені туралы ақпарат жоқ. Біз арнайы іс-шара өткізген жоқпыз, бірақ ақпараттық ортада түрлі жағдай болатынын еске салғым келеді. Егер жолдарда көлік жүрсе, апат болады. Сондықтан дәл осы мақсатта ақпараттық қауіпсіздік комитеті құрылған», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, қандай да бір оқиғалар орын алса, министрлік жауап береді.

«Бір банктегі ақау тұтас осалдық немесе ҚР заңнамасына қайшы келетін әрекет ретінде бағаланбауы керек деп есептейміз», - деп атап өтті Бағдат Мусин.

«Бұл – екінші деңгейлі банктердің ҚР азаматтары алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігі. Егер қандай да бір қауіптер туындаса, олар жүйеге кіруді уақытша тоқтатып, мәселелерін шешеді. Кез келген ақпараттық жүйе және кез келген екінші деңгейлі банк немесе электронды үкімет порталы – дербес нысандар. Онда мәселе туындаса, стандарт бойынша белгілі бір әрекеттерді жасауы қажет. Біздің министрлік ақпараттық қауіпсіздікке жауапты орган, егер ақпараттық қауіпсіздік бойынша шағымдар болса, біз де шара қабылдауға міндеттіміз», - деп түсіндірді Б.Мусин.

Еске сала кетейік, 28 қазанда Kaspi.kz операцияларында техникалық ақаулар орын алған еді. Банк өкілдері оны тезірек жоюға уәде берді.


Жоғары қарай