Ауа райы
Астана -15 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бағдат Мусин меморгандардың ақпараттық жүйесінен кемшілік тапқандарға сыйақы беруді ұсынды

2020 жылдың 29 қазан 2020 17:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елдегі цифрландыруды арттыруға қатысты бес бастаманы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әрине, ақпараттық қауіпсіздік бойынша тұрғындарда үлкен сұрақ туындайды. Пандемия кезінде бәрінің интернетке кіргені түсінікті. Мұнда белгілі бір шараларды атқаруға міндеттіміз. Сондықтан жақында құрылған ақпараттық қауіпсіздік комитеті бес бағытты ұсынып отыр. Оның біріншісі, қазақстандық интернет-кеңістіктегі 150 мың домендік атау бар және осы 150 мың доменнің барлығы белгілі бір қорғауда болуы үшін комитетке жүгінуге құқылы. Арнайы веб-тотем қосымшасын орнатылады және қандай да бір ақау анықталса, сайт иесіне хабарланады», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сонымен бірге, тұрғындарды мемлекеттік органдардың жеке деректерді пайдаланғаны туралы хабардар ету сервисін де енгізу жоспарланған.

«2010 жылдары халыққа қызмет көрсету орталықтары қарқын алып, деректер базасынан анықтамалар алынғанда ХҚКО операторлары осы қолжетімділікті пайдаланып, адамдардың жеке ақпаратын көре алады деген күдікке ілінді. Бұл мәселені шешу үшін әр адамның ақпаратын сұрату фактілері электронды үкіметтегі жеке кабинетте көрсетіліп отырды. Енді дәл осындай қағида басқа мемлекеттік органдарға да қатысты болады», - деп түсіндірді Б. Мусин.

Сондай-ақ, министрлік қазақстандықтарға интернеттегі өзі туралы ақпаратты өшіру мүмкіндігін беруді ұсынады. Қазірдің өзінде комитет интернеттегі ақпаратты өшіру бойынша бірнеше өтінішті мақұлдаған.

Ал төртінші ұсыныс – деректер базасындағы жеке мәліметтерді қолдануға рұқсат берумен байланысты.

«Қазір банктен несие алғанда сіз өзіңіз туралы ақпаратты пайдалануға келісім бересіз. Бірақ, несие өтелген соң банкпен қарым-қатынасыңыз үзіледі. Бірақ банк немесе бірінші кредиттік бюро немесе мемлекеттік кредиттік бюро қандай да бір алгоритмдерді құру үшін сіздің ақпаратыңызды алуға құқылы. Мұның бәрі жеке мәліметтер. Сондықтан біз адамдарға жеке деректерді пайдалану келісімдерін қайтарып алу мүмкіндігін бергіміз келеді», - дейді министр.

Сөз соңында министр ақпараттық жүйелердегі, оның ішінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі кемшілікті тапқан қазақстандықтарға сыйақы тағайындауды ұсынды.


Жоғары қарай