Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 411.54
EUR 458.13
RUB 5.84
CNY 57.64

Бақыт Сұлтанов өндірушілерге: Сауда керуеніміз ең алдымен қазақстандық дүкендерге бағытталуы тиіс

2020 жылдың 24 наурыз 2020 17:47

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов отандық өндірушілерден ішкі сұранысты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге көмектесуді өтінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«COVID-19 пандемиясына қарсы тұру – бұл біздің ортақ ісіміз. Тұрақтылыққа деген сенімнің құны аса жоғары. Өйткені осындай кезеңдерде біз мемлекет нарықты азық-түлікпен толықтыру жөніндегі өз міндеттемелері мен мәлімдемелерін кепілді түрде орындай алады деген сенімге мұқтажбыз. Біздің қазір жұмыс істейтін дәрігерлер мен кез келген азаматтың дүкенге кіріп, үйіне қолайлы бағамен кез келген азық-түлікті сатып алу мүмкіндігінің болуы тиіс. Үкіметтің басты міндеті - өз нарығын азық-түлікпен молықтыру. Қазір халықты барлық қажетті тауарлармен жабдықтауда іркіліске жол бермеу аса маңызды. Біздің дүкендерде әрқашан бірінші кезектегі маңызды тауарлар – нан, сүт, жарма, ет және күнделікті қажетті басқа да тауарлар болу керек. Міне, бұлар қазақстандықтар дастарханының негізін құрайды», - деп жазды Бақыт Сұлтанов Facebook парақшасында.

Министрдің атап өтуінше, 22 наурызда Қазақстан Республикасында төтенше жағдай кезінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бірнеше түрін, яғни, қарақұмық, бидай ұны немесе бидай-қара бидай ұны, қант, картоп, сәбіз, репа, қызылша, пияз, қырыққабат, күнбағыс тұқымы мен күнбағыс майын ел аумағынан әкетуге тыйым салынды.

«Біз үшін бүгінгі күні ішкі нарықты үздіксіз қамтамасыз ету аса маңызды. Мемлекет басшысы атап өткендей, кез-келген талпыныстың жолын кесуге қатаң тиым салынатын болады. Қажет болған жағдайда мемлекет кейбір әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаны мемлекеттік реттеудің объективті қажетті тізбесін айқындайды. Сонымен бірге, азық-түлік өндірісінің құнын арзандату бойынша да шаралар қабылданады: Президент ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өнімдеріне ҚҚС-ты уақытша төмендету, аса маңызды импорт бойынша кедендік баждарды жою жөнінде тапсырма берді. Біз қазақстандық өндірушілерге осы кезеңдегі үздіксіз жұмыстары үшін риза болуымыз керек. Мен тағы да өздеріңізден өтіне сұраймын. Ел басшылығы еліміздің барлық қалалары мен елді мекендерінде тіршілікті қамтамасыз ету үшін аса маңызды тауарларға қатысты іркіліс болмауы үшін барлық жағдайды жасайды. Бірақ жалғыз ғана әкімшілік ресурспен бұған қол жеткізе алмаймыз. Осыған байланысты, құрметті өндірушілер, Сіздерден азаматтық ынтымақтастықты сақтап, ішкі сұранысты негізгі әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге көмектесуді сұраймын. Біздің сауда керуеніміз ең алдымен қазақстандық дүкендерге бағытталуы тиіс», - деді Бақыт Сұлтанов.

Сонымен қатар, ол қазақстандық өндіріс өнімдерін экспортқа шығару мемлекеттің маңызды міндеті болып қала беретіндігін, тіпті осындай жағдайда да мемлекет жүк тасымалы үшін шекаралардың ашық болуын және экспорттық жеткізілімдердің сақталуын қамтамасыз ететіндігін баса айтты.

«Бұдан басқа, отандық өңделген тауарларды жылжыту үшін шығындарды өтеуге өтінімдер жиналуда. Коронавирус әлемдік экономикаға жойқын соққы жасады. Бірақ ол өндірушілер үшін «мүмкіндіктер терезесін» ашады: экспорттық нарықтарға әсер ету салаларын қайта бөледі. Біз оларды орынды пайдалана аламыз деген үміттемін. Мен Қазақстан таяу уақытта барлық қиындықтарды еңсере алатынына сенімдімін және құрметті өндірушілер, Сіздерді және біздің барлық азаматтарымызды осы қиын уақыттан аман өту үшін бірлесіп әрекет жасауға шақырамын«, - деді ол.


Жоғары қарай