Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Бақыт Сұлтанов Украинаның жоғарғы лауазымды тұлғаларымен кездесті

2021 жылдың 19 маусым 2021 08:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың Украинаға жұмыс сапары аясында Украинаның жоғарғы лауазымды тұлғалары мен бірқатар кездесулер өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның Украинадағы елшілігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Украинаның Премьер-министрі Денис Шмыгальмен сұхбат барысында екі жақты ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымы талқыланды.

Тараптар сауда мен кооперациялық ынтымақтастықтың өзара іс-қимылын одан әрі дамыту үшін көптеген ортақ жолдардың болуын атап өтті. Бұған Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен қазақстан-украина мемлекетаралық комиссиясының 14-отырысының қорытындылары дәлел бола алады. Өз кезегінде, Комиссия отырысының нәтижесінде қол қойылған Хаттама, іс жүзінде, бірлескен іс-қимылдардың егжей-тегжейлі «жол картасы» болып табылады.

Тараптар қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ, үкіметаралық және ведомствоаралық байланыстардың динамикасын жүйелі негізде қолдап тұруға келісті.

«Біздің үкіметтер арасындағы тығыз өзара іс-қимыл екі елдің экономикалық көрсеткіштерінің одан әрі өсуіне оң әсерін тигізетініне сенімдімін», - деп пайымдады Денис Шмыгаль.

Украинаның вице-премьер-министрі - Цифрлық трансформация министрі Михаил Федоровпен цифрландыру және IТ қызметтерін ұсыну саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

М.Федоров Қазақстанның халыққа және бизнеске мемлекеттік қызметтер көрсету мақсатында цифрлық технологияларды енгізу саласындағы жетістіктерін жоғары бағалады. Украиналық ІТ-мамандардың жоғары құзыреттілігін ескере отырып, сұхбаттасушылармен осы саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың елеулі әлеуеті атап өтілді.

Украинаның Вице-премьер-министрі перспективалық жобаларды түбегейлі пысықтау және мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматта көрсету бойынша тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстанға келуге шақыруды қабылдай отырып, «Бір-бірімізбен бөлісетін айтарлықтай тәжірибеміз бар», - деп атап өтті.

Б.Сұлтанов коронавирус пандемиясына қарсы күрестің алдағы шараларын талқылау мақсатында Украинаның Денсаулық сақтау министрі Виктор Ляжкомен де келіссөздер жүргізді.

Екі мемлекет арасындағы тұрақты әуе қатынастарының қалпына келуін және елдер азаматтарының іскерлік белсенділігінің ұлғайғанын ескере отырып, тараптар COVID-19-ға қарсы вакцинация паспортын/сертификатын өзара тану мәселелерін пысықтауға келісті.

Қазақстан тарапы өзінің QazVac вакцинасын әзірлеп, өндіре бастағаны туралы хабарлады. Бұл ретте, оны Украинаға жеткізуге, қажетілік болған жағдайда гуманитарлық көмек ретінде беруге де дайындығын растады.

Қазақстандық министр коронавирустың таралуының алғашқы күндерінен бастап Қазақстан арқылы транзитпен (Қазақстан қалаларына техникалық қонумен) Қытайдан Украинаға гуманитарлық көмек жеткізуде тараптар тиімді ынтымақтастық орнатқанын атап өтті.


Жоғары қарай