Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бақытжан Сағынтаев шағынаудандардағы жол құрылысын тексерді

2021 жылдың 28 мамыр 2021 19:21

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бақытжан Сағынтаев «Жаңа Алматының» шағын аудандарындағы жол құрылысының барысын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалаға қосылған елді мекендерде кезінде жол-көлік және инженерлік инфрақұрылымдар мүлдем болмаған, сондықтан қала шетіндегі шағын аудандарға жол салу жобасы «Жаңа Алматы» кешенді жоспары аясында жүзеге асырылып жатыр.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен «Өжет» шағын ауданында ұзындығы 11,3 шақырым болатын 87 көшеге, ал «Шаңырақ-5» шағын ауданындағы ұзындығы 6,6 шақырым 29 көшеге алғаш рет жол салынбақшы.




Қазіргі кезде Өжет шағын ауданындағы 15 көшеде жол-құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл іске 50-ге жуық арнайы техника бірлігі мен 70 жұмысшы жұмылдырылған.

«Шаңырақ-5» шағын ауданындағы 18 көшеде 26 арнайы техника бірлігі мен 50 жұмысшы жол салумен айналысуда.

Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында құрылыстың қарқынын, жұмылдырылған жұмысшы күші мен техника санын тексерді, сонымен қатар қолданылатын материалдардың сапасына назар аударды.

Мердігерлер аталған шағынаудандардағы жолдарға асфальт төсеу жұмысын мерзімінен бұрын аяқтауды көздеп отыр.




«Өжет» шағынауданының тұрғындары Алматы әкімдігіне алғысын жеткізді.

Сонымен қатар, «Жаңа Алматы» кешенді даму жоспары аясында алғаш рет көше жарығы орнатылды.

Қала әкімімен әңгіме барысында тұрғындар балалар алаңын салуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтуге тілек білдірді.

Мегаполис басшысы «Бюджетке қатысу» жобасы аясында бірнеше ойын алаңын салу жоспарланғанын айтты.

Бұдан өзге, полиция департаменті «Өжет» шағын ауданында полицияның модульді постын ашады және видеобақылау камераларын орнату мүмкіндігі қарастырылады.

«Шаңырақ-5» шағын ауданының тұрғындары Бақытжан Сағынтаевтан бейнебақылау камераларын орнатуды және электр энергиясының жиі сөнуіне жол бермеу әрі тарифтерді жалпықалалықпен теңестіру үшін электр желілерін қала балансына беру процесін аяқтауды сұрады.




Әкім энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасына көтерілген мәселелерді шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Тұрғындардың өтініші бойынша жақын орналасқан қарағайлы бақта балалар алаңдарын жасау қарастырылады.

Әлеуметтік инфрақұрылым жөніндегі сұрақтарға жауап бере келіп, қала әкімі көршілес «Саялы-2» шағын ауданында 550 орынды мектеп салудың жоспарланғанын еске салды.

Қала әкімі ұзындығы 1,6 шақырым болатын Құрманғазы, Мұқанов, Наурызбай батыр көшесіндегі жолдарды орташа жөндеу жұмысының барысын тексерді.

Жұмысты аяқтау 2021 жылдың маусымына жоспарланған.

Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарының қорытындысы бойынша жол жөндеу жұмысының сапасын тұрақты бақылауда ұстауды және жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.





Жоғары қарай