Ауа райы
Астана 29 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 411.66
EUR 465.92
RUB 5.81
CNY 58.79

Балалар мерекесіне орай Таразда бірқатар нысан ашылды

2020 жылдың 2 маусым 2020 08:48

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Тараздағы бірқатар нысанның салтанатты ашылуына қатысып, балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Атап айтсақ, бұл күні шаһардағы Тұңғыш Президент саябағының жанында балалардың инклюзивті ойын алаңы ашылды. Аталған нысанның құрылысын Жамбыл облысы әкімдігі мен серіктестерінің қолдауымен «Дара» қайырымдылық қоры жүргізген.

Алаң мүгедектер арбасы еркін кіре алатындай етіп жабдықталған. Сондай-ақ, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған қауіпсіз әткеншектер, ыңғайлы құмды-үстелдер, арнайы тактильді панельдермен қамтылған.





- Шығармашылық және физикалық дамуы үшін балаларға барлық мүмкіндіктер жасалуы тиіс. Бұл орайда ешқандай кедергі болмау керек. Осындай ерекше ойын алаңдарының ашылуы инклюзивті қоғам дамуындағы үлкен қадам болып табылады. Алаң өте ыңғайлы жерде орналасқан. Көп ұзамай балаларға жайлы және қауіпсіз болуы үшін айналаны абаттандыру жұмыстары басталады. Сондай-ақ, қала басшылығы мұндағы жабдықтардың сақталуын қадағалап отыруы керек, - деді облыс әкімі.





Аталған қор Тараз қаласының №20 орта мектебінің базасында психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашу жобасын жүзеге асырған. «Дара» қорының жоба менеджері Сәуле Бексұлтанова түзету кабинеті жыл сайын әр түрлі даму кемістігі бар 150-ден астам балаға қызмет көрсете алатындығын атап өтті.





Бұл күні «Jastar» қабілетін дамыту орталығында «Asyl mura» фронт-кеңсесінің ашылуы болды. «Асыл мұра» – материалдық, рухани-мәдени, тарихи мұраны сақтау бойынша волонтерлік қозғалыстың бір бағыты.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа атап өткендей, фронт-офис еріктілер мен волонтерлік ұйымдардың жұмысын үйлестіру бойынша тұрақты қызмет ететін алаңға айналмақ. Бүгінде облыс бойынша 60-тан астам еріктілер қозғалысы тіркелген десек, олардың құрамына 6 мыңнан астам ерікті топтасқан.

Бердібек Сапарбаев жастарды еріктіліктің басқа салаларын дамытуға және еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуге шақырды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы жастарға қолдау көрсету орталығының жұмысымен танысты.

Бұдан соң Бердібек Сапарбаев өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында болды. Орталық Қ.Сармолдаев атындағы балалар үйі мен кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығын біріктіру арқылы ашылған.

Бүгінде мұнда 73 бала тәрбиеленуде. Облыс әкімі жатын бөлмелерді, демалушылар бөлмесін, психолог кабинетін, «Адалдық дүкені», «Рухани жанғыру» орталығын, кітапхананы аралап көріп, оң бағалады.

Бердібек Сапарбаев балаларды қорғау күніне арналған концерттік бағдарламаның құрметті қонағы атанды. Өңір басшысы барлық тәрбиеленушілерді мерекемен құттықтап, оларға тәттілер түріндегі сыйлықтар үлестіріп, ал орталыққа музыкалық студияны табыс етті.












Жоғары қарай