Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бас мүфти «қара жұма» сөзін «жомарт жұма» деп өзгертуге үндеді

2021 жылдың 25 қараша 2021 14:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі сауда орталықтарының иелері мен барша кәсіпкер азаматтарды көпшілік орындарында жазылған «қара жұма» сөзін «жомарт жұма» деп өзгертуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейінгі жылдары жұртты жаппай саудаға тартудың әдісі ретінде қолданылып жүрген «қара жұма» сөзі қоғамда талқыға түсуде. Дініміз бен дәстүрімізде бар «жұма» сөзі қасиетті, қастерлі ұғымды білдіреді. Мен осы ретте еліміздегі сауда орталықтарының иелері мен барша кәсіпкер азаматтарды «қара жұма» сөзін «жомарт жұма» деп өзгертуге шақырамын»,- деді Бас мүфти үндеуінде.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы «жомарт жұма» – жүрекке жылы тиетін, халқымыздың ұғымына да сай келетін сөз екендігін баса айтады.

«Мұсылман қауымы үшін жұма қасиетті күн болғандықтан, «қара жұманы» «жомарт жұма» деп өзгертсек, бұл – Ислам дінін ұстанатын халқымызға көрсетілген құрмет болмақ. Осылайша, кәсіпкер азаматтарымыз ізгі ниетінің нәтижесінде «жомарт жұма» акциясы аясында қаншама жанның алғысына бөленер еді», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.


Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Қоғам, Дін,
Жоғары қарай