Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Бас Прокуратура: Құқық қорғау өкілдерінің әрекетіне байланысты 32 арыз түсті

2022 жылдың 15 қаңтар 2022 21:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елде жаппай тәртіпсіздіктер басталғаннан бері прокуратураға құқық қорғау өкілдерінің әрекетіне байланысты 32 арыз түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев осындай мәлімет айтты.

«Бүгінгі таңда тергеу жедел топтары 546 қылмыстық істі тергеуде. Оның ішінде 44-і терроризм актілері, 34-і жаппай тәртіпсіздіктер, 15-і адам өлтіру бойынша. Уақытша ұстау изоляторына қылмыс жасады деген 672 күдікті ұсталды. Оның 446-сы соттың санкциясымен қамауға алынды. Құжаттарды тексергеннен кейін және ұстауға негіз болмағандықтан прокуратура органдары 100-ден астам азаматты босатты. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдар жүргізілуде. Қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен және басқа да құқық қорғау ұйымдарының өкілдерімен өзара әрекеттесу мәселелері шешілді. Оларға жеткізілген және ұсталған адамдарды ұстау орындарына кіру қамтамасыз етілді. Сол арқылы заңсыз күш қолдану, медициналық көмек көрсетпеу және қорғаушыларды кіргізбеу жағдайларына тәуелсіз тексеру жүргізіледі», - деген Серік Шалабаев.

Сондай-ақ, ол әділетсіздікке тап болдым деп есептейтін тұрғындарға қайда хабарласу керек екенін түсіндірді.

«Республикалық адвокаттар алқасымен бірлесіп уақтылы және білікті заң көмегін көрсету мәселесі шешілді. Қазіргі уақытта прокуратураға құқық қорғау органдарының әрекетіне 32 арыз келіп түсті. Бұл өтініштер тексерілуде, тиісті шаралар қабылданады. Егер азаматтар өз құқықтары бұзылды деп есептесе, Бас прокуратураға «115» нөмірі бойынша немесе тікелей аумақтық прокуратураларға хабарласа алады», - деді Бас прокуратура өкілі.

Аталмыш брифингіде Бас Прокуратура Төтенше жағдай кезінде қаза болғандардың жалпы санын атады.

Айта кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымдардың басшыларымен кеңес өткізіп , Қазақстанда, соның ішінде Алматыда болған қайғылы жағдайларды жан-жақты зерттеу қажеттігін айтқан болатын.


Жоғары қарай