Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бәсекелестікті қорғау агенттігі мен ірі сауда желісі монополияға қарсы комплаенсқа қол қойды

2021 жылдың 27 тамыз 2021 10:26

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен ірі сауда желісі монополияға қарсы комплаенсқа қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қол қойылған монополияға қарсы комплаенс шеңберінде сауда желісі бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімінің сауда үстеме бағасын заңнамада рұқсат етілген 15%-дан 10% - ға дейін төмендету және ӘМАТ жеткізушілеріне тауарды жеткізген күннен бастап 30 күннен кешіктірмей төлем жүргізу туралы ерікті міндеттемелер алды.

«Монополияға қарсы комплаенс – бұл компания бәсекелестік заңнамасын бұзудың алдын алу үшін қабылдайтын және өз кәсібіне қолданатын адал бәсекелестік саясаты мен ережелерін айқындайтын шаралар кешені. БҚДА-мен жасаған монополияға қарсы келісім шеңберінде «Magnum Cash@Carry» ЖШС картельдерге қатысуға жол бермеу, бағаларды белгілеу және ұстап тұру, белгілі бір сатушылармен немесе тапсырыс берушілермен шарттар жасасудан бас тарту, нарықтың басқа субъектілері арасында бәсекелестікті шектеуге алып келуі мүмкін келісімдер жасамау және басқа да шаралар міндеттемесін өзіне алды», делінген хабарламада.

Сондай-ақ монополияға қарсы комплаенс бойынша қабылданған шаралар шеңберінде сауда желісі әлеуметтік маңызы бар азық - түлік тауарларының (ӘМАТ) 7 түріне: 1 санаттағы жұмыртқа, қарақұмық, сиыр еті (сүйектері бар жауырын - төс бөлігі), қырыққабат, картоп, сәбіз және пиязға сауда үстемесі бағасын заңнамамен рұқсат етілген 15%-дың орнына шекті 10%-ға дейін төмендету туралы ерікті түрде шешім қабылдады. Сауда желісі заңнамада бекітілген ӘМАТ-тың қалған 12-і түріне өндірушінің неғұрлым төмен бағасына немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасына пропорционалды түрде сауда үстемесінің 15%-дық мөлшерін төмендетуге міндеттелді. Сондай-ақ, сауда желісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізушілермен жасалатын келісімшартқа олар тауарды жеткізгеннен кейін 30 күннен кешіктірмей ақы төлеу туралы норманы енгізуге міндеттелді. Монополияға қарсы комплаенс 27 тамызынан бастап күшіне енеді.

Монополияға қарсы комплаенс актісіне қол қойғаннан кейін сауда желісі қандай да бір материалдық және басқа да жеңілдіктерге ие болмайды, сондай-ақ, монополияға қарсы заңнаманы сақтау қажеттілігінен және жауапкершіліктен босатылмайды.


Жоғары қарай