Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Баспана нарығы: Бағаның күрт төмендеуі бола ма

2020 жылдың 22 маусым 2020 18:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Карантин кезеңіндегі оқшаулану мен нарықта шарттар жасау мүмкіндігінің болмауынан Қазақстандағы жылжымайтын мүлік саласы біршама тұралап қалды. Алайда, карантин талаптары жеңілдетілгеннен бері ірі қалаларда бұл процесс біртіндеп жанданып, биылғы мамыр айында бекітілген шарттар біршама өсті. Осы орайда Қазақстан Риэлторларының біріккен қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко жылжымайтын мүлік нарығының дамуына қатысты «ҚазАқпарат» агенттігіне әңгімелеп берді.

Оның сөзіне қарағанда, ұзақ уақытқа созылған оқшаулану режимі мен жылжымайтын мүлікпен мәміле жасау мүмкіндігінің болмауы салдарынан елімізде сәуір айында небәрі 5 211 мәміле ғана жасалды. Бұл рекордтық ең төменгі көрсеткіш. Дегенмен, қазіргі уақытта нотариалды рәсімдеуді, мәмілелерді тіркеуді қоса алғанда барлық саладағы қызмет іс жүзінде қалпына келді десек те болады және мамырда 17 210 мәміле жасалды.

«Бұл көрсеткіш ай сайынғы стандартты мәмілелерге қарағанда біршама төмен. Бірақ, бұл мамыр айының алғашқы он күнінде барлығы үйінде болуына байланысты болған жайт», - деді Нина Лукьяненко.

Атап айтқанда, баспана алуды жоспарлап отырған тұрғындардың басым бөлігі дағдарыс кезінде сұраныс төмендеп, жылжымайтын мүлік құны арзандайды деп күтіп отырғаны жасырын емес.

Алайда, ҚР ҰЭМ Статистика комитеті мәліметіне сүйенсек, 2020 жылғы мамырда оның алдыңғы аймен салыстырғанда абаттандырылған тұрғын үйді алып-сату бағасы – 1%, абаттандырылмаған үйді алып-сату бағасы – 0,5%, жаңа тұрғын үйлерді сату 0,2% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 0,2% қымбаттады. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 1 шаршы метрі үшін 1 577 теңге болды.

Өткен мамыр айында жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 1 шаршы метрі үшін 297 775 теңгені құрады.

«Ресми статистикалық мәліметтерге қарағанда, баспананың бір шаршы метріне бағаның аздап қымбаттағаны байқалады. Өсім 1 пайызды құрап отыр. Мұның ешқандай ерекшелігі жоқ. Бұл белгілі себептерге байланысты мәмілелердің ұзақ уақыт кейінге шегерілуімен байланысты. Сонымен қатар, жаңа үй салу барысында қолданылатын материалдардың 24-60 пайызы импортталатындығын да қаперге алу қажет. Оның үстіне доллар бағамы өсті. Ал импортталатын материалдар доллармен алынатындықтан құрылыс шығындары да арта түседі. Бұл да бағаға әсерін тигізеді», - деді Нина Лукьяненко.

Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтің пайымынша, жаңа тұрғын үйлердегі шаршы метрлер карантинге дейінгі деңгейде сақталып отыр.

Жақында оның бұқаралық ақпарат құралдарында пікірі жарияланған болатын. Осы орайда Е. Мүсірепов бірнеше ай бойы карантинмен шектелгеннен кейін, нарық бұрынғысынша тұралаған күйінде екенін атап өтті.

«Нарықта келісімшарттар жасалмады. Қазіргі кезде мәміле саны бойынша белсенділік жанданады. Бірақ, бұл үрдіс бірден қарқын алмайды, шарттар саны біртіндеп арта бастайды», - деді Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті.

Сарапшының атап өтуінше, кейбір жағдайларда құрылыс салатын компаниялар баспана құнын үштен 10 пайызға дейін арзандату бойынша акциялар жүргізеді. Бұл өз кезегінде нарықта жаңа баспананы сатып алу үшін қаржылық жағдайы жеткілікті әлеуетті сатып алушылар жоқ екенін байқатады.

Енді статистикаға тоқталсақ, жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 1 шаршы метрі үшін 297 775 теңгені құрады. Сәуір айынан бері 0,2 пайызға өсті. Егер былтырғы желтоқсанмен салыстырсақ, бірнеше айда жаңа баспананың құны 1,7 пайызға, ал бір жылда 5,7 пайызға жоғарылады.

Статистика бойынша абаттандырылған тұрғын үйдің бағасы 1 пайызға өсті. Өткен жылғы желтоқсанға қарағанда, бес айдағы өсім 3,2 пайыз деңгейінде. Мамыр айында абаттандырылған тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі 208 148 теңге шамасында болды.

Ал абаттандырылмаған баспананың 1 шаршы метрінің бағасы 128 730 теңгені құрады.

Өз кезегінде Қазақстан Риэлторларының біріккен қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко нарықтағы жағдай өзгергенімен, таңғаларлық оқиғалар болмайтынын жеткізді. Осы орайда бағаның күрт төмендеуі немесе күрт өсуі секілді қандай да бір айтарлықтай өзгерістер байқалмайтынын сөз етті.

«Жылжымайтын мүлік – ол әлемдегі ең қымбат тауралардың бірі. Сондықтан бағаның жоғары немесе төмен көрсеткіші нарықта жасалған шарттар көлеміне байланысты. Бағаның құлдырауын күтіп жүргендерге тактиканы өзгертіп, қазірден бастап нарықты тыңғылықты зерттеуге кеңес берер едім. Қазіргі жағдайды жете түсіну керек: баспананы сатуға асыққандар бағаны біршама төмендетіп, сатып алатын адамды табады. Ал баспана сатып алуды жоспарлап жүргендер тиімді бағадағы жақсы тұрғын үй бірден сатылып кететінін қаперде ұстауы керек. Экономикалық қарқын баялаулаған кезде нарықтан тұрақсыз құрылыс салушылар кете бастайды, яғни қызықты жобалар азая түседі», - деді сарапшы.



Жоғары қарай