Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Баспана нарығы: Бағаның төмендеуін күту керек пе

2021 жылдың 11 ақпан 2021 15:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда жылжымайтын мүлік бағасы күрт қымбаттады. Көптеген сарапшылар мұны зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алудан туындаған дүрлігумен байланыстырады. Осы орайда Қазақстанның Біріккен риэлторлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко отандық тұрғын үй нарығындағы ахуал мен келешегі туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қаңтар айында жаңа баспаға бағасы 3%-ға, ал жабдықталған баспананы қайта сату кезінде 5%-ға көтерілген.

«Алайда, зейнетақы қаражатын пайдалану ережелері тек қаңтар айының соңында пайда болғандықтан, бұл ақшаға баспана сатып алу мүмкіндігі қаңтардағы мәмілелерге ықпал еткен жоқ», - деді Нина Лукьяненко.

Қазіргі уақытта сатушылар үйге сұраныс көбейгендіктен бағаны қымбаттатып жатқаны байқалады.

«Бұл нарыққа да, екі жаққа да жақсы әсер ете қоймайды. Енді әрі қарай арзандау туралы айтар болсақ, бұл клиенттердің әрекетіне байланысты болады. Егер сатып алу туралы шешім сатушылардың жаңа «тәбеті» бойынша қабылданса, онда жақын арада арзандамайды. Ал егер сатып алушылардың шешімдері «баға-сапа» қатынасына сәйкес келсе, ертелі-кеш нарық тепе-теңдік күйіне келеді. Әрине, жыл соңына дейін, төлем қабілеті расталған сұраныстың артуынан мәмілелердегі бағалар әлі де жоғарылауы мүмкін», - дейді Нина Лукьяненко.

Жылжымайтын мүлік алуды жоспарлап жүргендерге сарапшы таңдау жасауға асықпауға кеңес береді.

«Асығу ешқашан жақсы кеңесші болған емес, сатып алу мақсатын, пәтердің не үшін қажет екенін және неліктен қазір алу керектігін анықтау керек. Шешім қабылдауға асықпаңыз, сатушымен саудаласыңыз», - деп атап өтті Нина Лукьяненко.

Сонымен бірге, спикер баспана салушылардың баға көтерудегі алыпсатарлығы туралы айтты.

«Жоқ, бағаның өсуі алыпсатарлық емес, сатып алу қабілеті де ұлғайды. Тіпті пәтер алуға қаржысы жетпегендер де қаражат қосып, ипотека арқылы алып жатады. Қазір сатып алушылардан алуан түрлі сомалармен өтініштер көріп отырмыз, БЖЗҚ-дан тек 2 млн қаражаты барлармен де мәміле бекітеміз. 15 миллион және одан жоғары сомаға да көптеген өтініштер бар, 40 миллионнан басталатын да өтініштер бар», - деп түсіндірді Н. Лукьяненко.

Жалпы, кейбір сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанда пәтер құны бір жылда 13 пайызға өсті. Жылжымайтын мүлік зейнетақы жинағынан қаржы алу бағдарламасына байланысты қымбаттаған.

Бүгінде қайталама нарықтағы шаршы метрдің бағасы рекордтық 230 мың теңгеден асты. Үлестік құрылысқа да баға көтерілді, мысалы, сенімділігі жағынан өзін көрсете білген компаниялардың Нұр-Сұлтандағы құрылысы басталған ТК бағасы – шаршы метріне 346 мың теңге, яғни ауданы 85 шаршы метрден асатын комфорт класты үш бөлмелі пәтер 29 млн теңгеден асады. Ал өткен жылы үлестік қатысу пәтерінің бағасы 24-25 млн теңге болған еді. Аса танымал емес компанияларда осындай тұрғын үйдің шаршы метрі 280 мың теңгеден ұсынылып отыр. Бірақ мұнда тәуекел ықтималдығы жоғары.

Алайда сарапшылар жаппай сатып алулар болмайды деп болжап отыр. Экономистердің айтуынша, жинақтағы артық қаражатқа қазақстандықтардың тек 6%-ы немесе 700 мыңнан астам адам қол жеткізе алады.

Еске сала кетсек, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баспана бағасының шарықтауына тосқауыл қоюды тапсырған еді.

Жоғары қарай