Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Баспанасы банктің балансында тұрған 1 350 ипотека алушыға қосымша көмек көрсетілді - агенттік

2021 жылдың 27 қаңтар 2021 11:19

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 1 350 ипотекалық қарыз алушыға 12 млрд теңгеге қосымша көмек көрсетілді, денп хабарлайды ҚазАқпарат Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2020 жылдың басынан бастап Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жататын ипотекалық қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету бөлігінде іске асырып келеді.

«Екінші деңгейлі банктерге халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жататын қарыз алушының қаржылық және әлеуметтік жағдайын талдау негізінде негізгі борышты азайту, 20 000 теңгеден бастап ай сайынғы төлеммен жеңілдік кестелерін белгілеу және қарыз алушының кірісін күнкөріс деңгейінен төмен емес сақтау түрінде борыш жүктемесін жеңілдетудің қосымша тетіктерін жеке тәртіппен қолдану құқығы берілді.

Банктің балансында есепте тұрған жалғыз баспанасын қарыз алушының меншігіне қайтару мақсатында қаржы институттарына қарыз алушының жылдық 3% сыйақы мөлшерлемесі бойынша қаржыландыруды жүзеге асыру не оған кейіннен сатып алу мүмкіндігімен тұрғын үйді жалға беру құқығы ұсынылады», делінген хабарламада.

Агенттіктің мәліметінше, 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әлеуметтік осал топқа жататын және жалғыз баспанасы банктің балансында тұрған 1 350 қарыз алушыға 11,9 млрд теңге сомаға қосымша көмек көрсетілді.

Банктердің шығыстарын өтеу үшін Ұлттық банкі 44,6 млрд теңге бөлді.

Ипотека алушыларға қосымша көмек көрсету мерзімі 2021 жылғы 1 шілдеге дейін деп белгіленді. Шамамен 8 мың қарыз алушыға қолдау көрсетіледі деп жоспарланып отыр.

«Агенттіктің қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен бірлесіп бағдарламаның іске асырылуына жүргізген талдауының нәтижелері бойынша ипотека бойынша борыш жүктемесін азайту үшін оларды қосымша қамту қажеттілігі анықталды. Сондықтан қазіргі уақытта бағдарламаға түзетулер енгізу мәселесі қаралуда», - деді Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев.

2020 жылғы желтоқсанда агенттік жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотека қарыздарын Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) теңгемен қайта қаржыландыруды көздейтін Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының бір бағытын аяқтады.

«Бағам айырмасын өтеу үшін банктерге 114,4 млрд теңге бөлінді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушы үшін қайта қаржыландырылатын қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3% мөлшерінде, өзге қарыз алушылар үшін – 12% болып белгіленді.

Сонымен қатар 2004 − 2009 жылдар аралығындағы кезеңде берілген және жалғыз баспанамен қамтамасыз етілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруды көздейтін бөлігінде іске асырылуда.

168,2 млрд теңге сомаға 27,7 мың қарыз қайта қаржыландырылды (2021 жылғы 1 қаңтардағы деректер). Бағдарламаның осы бөлігін іске асыруға Ұлттық банк 130 млрд теңге бөлді.

Іске асыру кезеңінде банктер 222,6 млрд теңге сомаға 27 202 валюталық ипотекалық қарызды, оның ішінде Бағдарламаның бірінші бөлігі бойынша 90,5 млрд теңге сомаға 13 418 қарызды, екінші бөлігі бойынша - 132,1 млрд теңге сомаға 13 784 қарызды айырбастады.

Банктер қарыз алушылардың сыйақы, тұрақсыздық айыбы (өсімпұл, айыппұл) және комиссиялар бойынша 262 млрд теңге сомадағы берешегін кешірді.

Қазақстанның барлық өңірінде қарыз алушылардың шағымдарын қарау жөніндегі комиссиялар жұмыс жасайды. Комиссия құрамына агенттік өкілдері, әкімдіктер, мүдделі мемлекеттік органдар және қоғамдық бірлестіктер кіреді.

Айта кетерлігі, агенттіктің сайтында қажетті құжаттардың тізбесі орналастырылған.


Жоғары қарай