Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Батыс Қазақстан облысында 3 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілмек

2022 жылдың 25 қаңтар 2022 11:46

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тұрғын үй саласында 3 млн шаршы метр жаңа баспананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Батыс Қазақстан облысын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарын талқылау кезінде өңір әкімі Ғали Есқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары 116 іс-шараны қамтиды, оларды іске асыру үшін шамамен 2,6 трлн теңге қажет. Аталған қаражаттың 80%-ға жуығы жеке бизнес есебінен және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы тартылады деп ескерілген.

«Осындай ауқымды инвестициялар көлемін тарту үшін өңірді дамытудың Кешенді жоспарында көрсетілген мемлекеттік қолдау қажет. Тікелей бюджеттік инвестициялардан басқа, аймақ үшін маңызды мәселелерге тоқталып өтейін. Бұл біріншіден аймақты тауарлық газбен қамтамасыз ету. Батыс Қазақстан облысы Қазақстанға тауарлық газдың ірі жеткізушісі болып саналғанымен, біздің көптеген әлеуетті инвестициялық жобаларымыз газбен жабдықтауға техникалық шарттарды алудан бас тартқандықтан іске асырыла бермейді. Сондай-ақ, маңызды мәселелердің бірі - электр желілері мен автомобиль жолдарын жөндеу. Біздің облысымыздағы электр желілері мен автомобиль жолдары Қазақстанның басқа батыс аймақтарымен салыстырғанда ең ұзын екенін айта кеткім келеді», - деді Ғ. Есқалиев.

Оның сөзіне қарағанда, тағы да маңызды мәселелердің бірі - Орал және Ақсай қалаларындағы жылумен, сумен жабдықтау желілері, кәріздік тазарту құрылғыларын қайта жаңарту осы қалалардағы тіршілік ету объектілерінің жұмысын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

«Тұрғын үй саласында 3 млн шаршы метр жаңа тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Облыс аудандарында сумен жабдықтау объектілерін салу және реконструкциялау ескерілген. Бұл 2025 жылдың соңына қарай ауыл халқының 100%-ын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығын қолдау көлемін ұлғайту өңірдің етті мал шаруашылығын дамытуға жағдай жасайды. Батыс Қазақстан облысы қазіргі уақытта Қазақстанның бірнеше өңірін сапалы етпен қамтамасыз етіп отыр», - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, әлеуметтік саланы дамыту мақсатында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана, кардиологиялық орталық корпусы, ауылдарда 42 модульдық медициналық нысан, 74 жаңа мектеп, 150 орынды мүгедектерді оңалту орталығы, 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы жоспарлануда.

«Тұтастай алғанда, Кешенді жоспар 4 жыл ішінде жалпы өңірлік өнімнің 30%-ға өсуін, 38 мың жаңа жұмыс орны құрылуын және өңір тұрғындарының көптеген әлеуметтік-тұрмыстық проблемаларын шешуді қамтамасыз етеді деп қарастырып отырмыз. Сондай-ақ, бұл халық табысының өсуіне оң әсер етіп, аймақтың Қазақстанның дамуына қосатын үлесін арттыруға тиіс», - деді Ғали Есқалиев.

Бұдан бұрын хабарланғандай , бүгін Үкімет отырысында еліміздің батыс өңірлерін кешенді дамытудың жоспарлары таныстырылды.

Жалпы, кешенді жоспарларды іске асыру батыс өңірлер экономикасының өсу қарқынын ұлғайтуға мүмкіндік береді, жеке инвестициялар ағынына серпін береді және халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді. 2025 жылға қарай төрт өңір бойынша шамамен 13 трлн теңге жеке инвестиция тарту, 175 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру көзделген.


Жоғары қарай