Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Батыс Қазақстан облысында шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары басталды – АШМ

2021 жылдың 26 мамыр 2021 21:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы шегірткеге қарсы күрес шаралары басталғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз ықзметіне сілтеме жасап.

Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына қарасты Қоскөл ауылы аумағындағы Шора қыстағында 1 жастағы италияндық прус дернәсілі көбейіп жатқаны анықталды. Осыған байланысты мамандар химиялық өңдеу шегіртке дернәсілінің оңтайлы жасында жүргізілуі тиіс екенін айтады. Әдістемелік нұсқауға сәйкес шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу 2-3 жаста жүргізіледі. Жалпы, Батыс Қазақстан облысында биыл 72,326 мың гектарға үйірлі шегіртке зиянкестері, оның ішінде 70,326 мың гектарға италияндық прус және 2 мың гектарға азия шегірткесі таралуы мүмкін деген болжам бар.

«Химиялық іс-шараларды уақытында атқару үшін өңірге дәрі-дәрмектер жеткізілді. Сондай-ақ химиялық өңдеу қызметтерін атқаратындармен шарт жасалды. Оған барлығы 30 техника (оның ішінде 3 газ генераторы) жұмылдырылады. БҚО Қаратөбе ауданы Қаратөбе ауылдық округі аумағында «Энжио», «Локустин», «Имидор», «Комбат» және «Ципрофен» препараттарымен өңдеу жұмысы жоспарлы түрде басталды», делінген хабарламада.

Елімізде 2021 жылы 640,85 мың гектар жерге үйірлі шегіртке зиянкестері, оның ішінде италияндық прус 384 мың гектарға, азия шегірткесі 142 мың гектарға және марокка шегірткесі 114 мың гектарға таралуы мүмкін деп болжанып отыр.

Министрліктің мәліметінше, пестицид пен химиялық өңдеу қызметтері барлық болжамды алаңға сатып алынды. Сонымен қатар, 223 мың гектарға жететін пестицид қоры бар.

Үйірлі шегірткелерді тиімді өңдеу үшін пестицидтердің түрлі топтарының препараттары сатып алынды. Бұл бағыт бойынша облыс әкімдіктерімен бірлесе жұмыс істеу жүйесі әзірленді. Қазіргі уақытта облыс әкімдерінің орынбасарлары басқаратын жедел штабтар құрылды, сондай-ақ мониторинг және химиялық өңдеу жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі жұмыс жоспарлары бекітілді.

Өңдеуге арнайы бүріккіш 183 техника (150 жерүсті бүріккіші, 12 ұшақ, аса жеңіл авиацияның 13 кемесі және 8 аэрозольді газ генераторы) тартылады.

Үйірлі шегіртке зиянкестерінің ошақтарын анықтау үшін 38,4 млн гектар жер зерттеледі. Осы жұмысты жүргізу үшін 524 автокөлік пен 1230 тексеруші тартылады.

Маусым айында көршілес мемлекеттермен (ҚХР, РФ, РУ) шекаралас аумақтарда шегіртке зиянкестерін анықтау үшін бірлескен зерттеу жүргізу жоспарланып отыр.

Түркістан және Жамбыл облыстарында марокко шегірткесіне қарсы өңдеу жұмыстары аяқталды. Ал, Ақтөбе облысы мен БҚО-да италияндық прусқа қарсы өңдеу жұмыстары басталды.


Басты сөздер: ҚР АШМ,
Жоғары қарай