Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Батыс Қазақстанда 1200-ден астам адам үй карантинінде жатыр

2020 жылдың 31 мамыр 2020 16:07

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 1278 адам үй карантинінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, өңірде коронавирус жұқтырған 621 адам тіркеліп, аурушаңдық деңгейі 100 мың адамға шаққанда, 94,6-ны құрады.

Соның ішінде 33-і – 14 жасқа дейінгі балалар.

Орал қаласында 540 адамның коронавируспен ауырғаны белгілі болса, Ақжайық ауданында – 5, Бөрліде – 9, Жаңақалада – 2, Жәнібекте – 9, Бәйтеректе – 8, Сырымда – 6, Тасқалада – 25, Теректіде – 16, Шыңғырлауда 1 науқас анықталды.

Сырқаттанғандардың 316-сы немесе 50,5 пайызы – сырттан, соның ішінде 198-і – Ресейден, 116-сы – Атыраудан (115-і – Теңіз кен орнынан), бір-бір адамнан Германия мен Беларусьтан келгендер.

Ал 48,1 пайызы – науқастармен қарым-қатынаста болғандар.

Облыста 148 ауру ошағында 1845 адам науқастармен байланыста, соның ішінде 1143-і жақын қарым-қатынаста болған.

Өңірде соңғы тіркелген 41 науқастың үшеуі – Ресейден, 16-сы Теңіз кен орнынан келген. 19-ы – қарым-қатынаста болғандар. Үшеуінен профилактикалық мақсатта сынама алынған кезде анықталған.

Күні бүгінге дейін 285 адам жазылып шықса, 336-сы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алуда. 14 адам провизорлық стационарда жатыр.

Облыста коронавирус жұқпасын анықтау мақсатында 4 зертхана жұмыс жасауда.

«Ведомствоаралық комиссияның шешіміне және Денсаулық сақтау министрінің үндеуіне сәйкес жалпы науқастарды емдеу үлгісі өзгерді. Егер бұрын барлық науқастар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылса, енді ауру белгісі байқалмайтын, яғни қызуы не жөтелі жоқ ауруларды үйлерінде оқшаулау қарастырылған. Мысалы, өңірде 621 адам тіркелсе, соның 70 пайыздан астамы – ауру белгісі байқалмайтындар. Сондықтан отбасында зейнеткерлер немесе жүкті әйелдер болмаса, ауру белгісі жоқтар үйлеріне жіберіліп, дәрігерлердің бақылауында болады. Сондай-ақ олармен қарым-қатынаста болғандар да карантиндік стационарға жатқызылмай, үйлерінде оқшауланады», деді Н.Мұстаев.

Департамент басшысының орынбасары сондай-ақ БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес 1 маусымнан бастап мейрамхана, бар, асханалар және жалпы ауданы 2 мың шаршы метрден асатын сауда орындарының жұмыс жасауына рұқсат берілетінін жеткізді. Бұл ретте санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-ның бірнеше ауданында блокпосттар әзірге алынбайтынын жазған болатынбыз.




Жоғары қарай