Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Батыс Қазақстанда 430 оқушы — «Алтын белгіге» үміткер

2021 жылдың 21 мамыр 2021 22:48

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 430 оқушы «Алтын белгіге» үміткер, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, сондай-ақ 185 шәкірт үздік аттестат алудан дәмелі.

Айгүл Әділгерейқызының сөзіне қарағанда, биыл «Алтын белгіден» үміткерлердің жұмысын бағалауға өзгеріс енгізілді. Яғни бұрын мектеп пен білім бөлімдері үміткерлердің жұмысын өздері тексеріп, «Алтын белгіні» тапсыру туралы шешім қабылдайтын, енді олай емес.

-Биыл «Алтын белгіден» үміткерлердің жазбаша жұмыстарын білім басқармасы жанынан құрылған комиссия тексереді. Комиссия құрамына жазбаша емтихандар өтетін пәндердің білікті, тәжірибелі мұғалімдері кіреді. Комиссия емтихан жұмыстарын тексергеннен кейін нәтижелерін білім беру ұйымдарына жіберіп, мектеп директорының бұйрығымен төсбелгі иегерлерінің тізімі 12 маусымға дейін бекітіледі, - дейді басқарма басшысы.

2020-2021 оқу жылын 111 мыңға жуық оқушы аяқтап жатса, солардың ішінде 5916-сы – 11 сынып түлектері, 8690-ы – 9 сынып шәкірттері.

Биыл санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты соңғы қоңырау іс-шарасын өткізудің үш форматы ұсынылды: Біріншісі – 9, 11 сыныптарға мектептерде салтанатты жиын өңірлік бас санитарлық дәрігердің келісімі бойынша мектеп аумағында ашық алаңда санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіледі.

Екіншісі – сыныпта (сынып сағаты түрінде).

Үшіншісі – онлайн (сынып сағаты түрінде).

Мектеп түлектерінің қорытынды аттестаттауы 28 мамырда басталады. 9 (10) сынып оқушыларының қорытынды бітіру емтихандары 28 мамыр мен 5 маусым, 11 (12) сынып оқушыларының мемлекеттік бітіру емтихандары 1-10 маусым аралығында өтеді.

Мектеп бітірушілерге аттестау табыстау рәсімі 14 маусымда «Тәуелсіздік ұландары» тақырыбында болады.

«Биылғы бір ерекшелік, 26 мамырдан 19 маусымға дейін жазғы мектептер жұмыс істейтін болады. Жазғы мектептерге қабылдау ата-аналардың немесе заңды өкілдердің өтініші негізінде жүзеге асырылады, онда оқу тегін. Облыс бойынша барлық аудандар мен қала мектептерінде жазғы мектеп ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл – 53509 (55,5 пайыз) оқушыны қамтитын 376 мектеп», деді А.Мыңбаева.


Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Білім, ҰБТ,
Жоғары қарай