Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Батыс Қазақстанда 516 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары себілді

2020 жылдың 27 мамыр 2020 04:10

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 516,3 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары себілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиевтің айтуынша, соның ішінде 287,1 мың гектар алқапқа жаздық дақылдар егілген.

Мұның 140,4 мың гектары - дәнді дақылдар болса, майлы дақылдар 110,8 мың гектарға жетті. Облыста сондай-ақ 30,8 мың гектарға мал азық дақылы себілді.

Картоп, көкөніс, бау-бақша дақылдары 5,1 гектарды құрады.

Қазіргі таңда көктемгі егіс науқаны негізінен аяқталды деуге болады. Тек ұсақ шаруашылықтар картоп, көкөніс, бау-бақша дақылдарын егуді жалғастыруда.

Науқанға 4217 трактор, 3035 дәнсепкіш, 830 қопсытқыш, сондай-ақ жоғары өнімді «Джон Дир», «Флексикойл», «Кейс», «Хорш» маркалы 47 егіс кешені қатыстырылды. Көктемгі-далалық жұмыстарды жүргізу үшін өңірге 12 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оның бағасы әр литріне 163 теңгеден белгіленді.

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп келеді. Биыл өсімдік шаруашылығы саласында 950 млн астам теңге субсидия бөлінді. Сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы барлығы 1127 млн теңге берілді. Тағы бір айта кететін жайт, карантинге қарамастан, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер облыс аумағында орналасқан блокпосттар арқылы кедергісіз өткізілуде», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Есенғалиев.


Жоғары қарай