Батыс Қазақстанда ауа райы бұзылып, республикалық жолда қозғалысқа шектеу қойылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ауа райы бұзылып, республикалық жолда қозғалысқа шектеу қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазавтожол» ЖШС БҚО филиалының мәліметі бойынша 31 қаңтар күні жергілікті сағат 21.00-ден бастап республикалық маңызы бар Орал-Тасқала-РФ шекарасы (72-104 км, Тасқала
ауылынан Ресей шекарасына дейін) жолы барлық көлік түрлері үшін жабылды.
Жабылу себебі – күшті жел, боран, жолдың дұрыс көрінбеуі.
Сонымен қатар «Қазгидромет» РМК 1 ақпан күні БҚО-ның батысы мен солтүстігінде жаяу бұрқасын көтеріліп, көктайғақ болатынын хабарлады. Желдің жылдамдығы
секундына 15-20 метрге жетуі мүмкін. Облыстың оңтүстік-шығысында тұман түседі.
Орал қаласында да бұрқасын соғып, көктайғақ болуы ықтимал. Желдің екпіні секундына 18 метрге дейін жетеді.
Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялап, тұрғындарға сақ болу, алыс жолға шықпау керектігін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда боранға байланысты жолдар жабылғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында жол апатынан екі адам қаза тапты.