Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Батыс Қазақстанда бейәдеп іс-шараны ұйымдастырған кәсіпкерге 650 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін

2021 жылдың 19 шілде 2021 23:34

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жағажайдың ашылуына байланысты көп адам жиналған шараға байланысты оқиғаның мән-жайы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Zhaikpress.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы өңірлік коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі жедел штаб отырысында айтылды.

17 шілдеде кешке Бәйтерек ауданындағы су жағасында бір топ адам қызылды-жасылды шаммен көмкерілген сахнада жалаңаш билегендердің «өнеріне» куә болды. Смартфонмен түсірілген бейәдеп бейнежазба әлеуметтік желіде таралды.

«Трекин ауылдық округі Жайық ауылында жаңа жағажайдың ашылуына байланысты өткен іс-шараға 150 адам қатысқан. Соған байланысты біздің бөлімшеге полиция департаменті іс материалдарды жолданды. Шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған кәсіпкер Дүйсекеновке 670 мың теңге көлемінде айыппұл салу жөнінде шешім қабылдағалы отырмыз», – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев.

Ол демалыс күндері барлық жағажайды жабуды ұсынды.

«Көпшілік жерде індет жұқтыру қаупі зор. Жедел штаб мүшелеріне барлық жағажайды сенбі-жексенбі күндері жабу мәселесін қарастыруды ұсынамын. Әсіресе, Бәйтерек ауданында мұндай демалыс аймақтары өте көп. Жағалауға шоғырланғандар, әсіресе, жастар карантин талаптарын өрескел бұзуда», - деді Мұхамғали Арыспаев.

Облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Мерхат Аженов Бәйтеректегі жиынға 150 адам қатысқанын растады.

«Әкімшілік кұқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабына («Ұсақ бұзақылық) сай көпшілік іс-шараға қатысқандар жауапқа тартылады. Қазіргі уақытта кінәлі адамдардың бірі – 1992 жылғы жігіт туралы мәлімет белгілі болды. Басқа да тәртіп бұзғандар анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік іс материалдары жиналған соң, сотқа жолданады», – деді Мерхат Аженов.

Жедел штаб отырысында облыс әкімі Ғали Есқалиев аудан басшысы Марат Тоқжановтан бейәдеп іс-шараның өткізілуіне байланысты түсініктеме беруді талап етті.

«Оқиға болған жерде ресми түрде жағажай ашылмаған. Ауданда ресми тіркеуге алынған екі-ақ жағажай бар. Қалғаны – көпшілік суға түсетін орындар. Ресми түрде есепке алынбағандықтан әрі жекеменшік аумаққа тиесілі болғандықтан, ол жерге мониторинг топтары бармаған. Бәйтерек аудандық полиция бөлімі, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы және прокуратурамен бірлесіп, негізгі мән-жайды анықтаудамыз. Кәсіпкер Қайрат Дүйсекенов жағажайды жалға бергенін айтып, жауапкершіліктен басын алып қашып отыр. Бірақ кінәлі адамдар жазадан құтылмайды», – деді Марат Тоқжанов.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев ел ішінде індет жайлап жатқанда, Бәйтерек ауданында айтуға ауыз бармайтын сорақылықтың орын алуы қоғам үшін өте өкінішті жайт екенін айтты.

«Бәйтерек ауданында карантин талаптарының сақталуын қадағалау тиісті деңгейде атқарылмай отырғаны белгілі болды. Сол себепті аудан әкімі Марат Тоқжановқа қатаң сөгіс жариялаймын. Идеологияға жауапты аудан әкімі орынбасарына, оспадарсыз оқиға болған ауыл әкімі мен бейбастыққа жол берген мониторинг топ басшысына қатысты тиісті деңгейде тәртіптік шара қолдануды тапсырамын. Жағажайды жалға берген кәсіпкерді және жалға алғандарды қатаң жазалаған дұрыс. Демалыс күндері жағажайлар мен басқа да көпшілік тынығатын орындар жабылуы керек. Осыған қатысты бас санитар дәрігердің ұсынысын қолдаймын», – деді Ғали Есқалиев.


Жоғары қарай