Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Батыс Қазақстанда маусымда 2200-ге жуық адамнан коронавирус анықталды

2021 жылдың 29 маусым 2021 19:09

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында маусым айында 2178 адамнан коронавирус анықталды. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткенөңірлік жедел штаб отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәлім еткеніндей, жағдайдың күрделенуіне байланысты облыста 28 маусымнан бастап карантиндік шектеу шаралары күшейтілді.

Эпидемиолог мамандардың болжамына қарағанда, осы айда қоғамдық көліктерде бетпердесіз жүру салдарынан 1524, үй ошағында бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болған 556, еске алу іс-шаралары, үйлену және басқа тойларға қатысқан 98 адамнан індет табылды.

М.Арыспаевтың сөзіне қарағанда, мейрамханаларда той өткізу тыйылмай отыр. Мысалы, «Қоржын» мейрамханасы 25 маусымда, «Самал» кафесі 25 және 26 маусымда той өткізген. Бұл нысандардың иелеріне хаттама толтырылып, оларды жабу жөнінде экономикалық сотқа материал берілетін болады. Карантиндік талаптарды бұзған басқа да тойханаларға қатысты тиісті шаралар алынады.

Осы айда мониторингтік топтар барлығы 279 рейд өткізіп, 1451 нысанды қамтыды. 30 нысанда санитарлық талапты бұзушылық анықталды. 889 685 теңгеге 7 әкімшілік хаттама

толтырылды.

Маусым айында сырқаттанғандардың 38,7 пайызы (843) – жұмыс істейтіндер, 19,3 пайызы (422) – жұмыссыздар, 19,1 пайызы (416) – зейнеткерлер, 9,5 пайызы (207) – оқушылар,

4,1 пайызы (90) – мұғалімдер.

Департамент басшының айтуынша, ауырғандардың жас ерекшеліктері бойынша 14 жасқа дейінгілер – 250, 15-17 жастағылар – 94, 18-25-тегілер – 177, 26-40-тағылар – 578, 41-60-тағылар – 627, 60 және одан жоғарылар – 452. КВИ-ге шалдыққандардың басым көпшілігі – 41-60 жастағылар.

Жиында індеттің таралуына жол бермеу үшін карантиндік талаптарды сақтау, мониторингтік топтардың жұмысын ширату, тұрғындар арасында вакцинациялау қарқынын

арттыру қажеттігі аталып өтілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да инфекциялық стационарда жатқандар саны 500-ден асқанын жазған болатынбыз.



Жоғары қарай