Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бельгияда қазақстандық ядролық сынақтар құрбандары ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

2021 жылдың 28 тамыз 2021 12:36

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні мен Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай Бельгияның Ипр қаласында қазақстандық ядролық сынақтар құрбандарына қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Ядролық сынақтар құрбандарының ескерткіші Бельгияның Ипр қаласына Қазақстанның атынан 2010 жылы табысталған болатын.

Аталмыш іс-шараға Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан, «Бельгия-Қазақстан» парламентаралық топтың төрағасы Тим Ванденпут, Ипр қаласы әкімінің орынбасары Филип Боль, сонымен қатар ғылыми орта мен үкіметтік емес ұйымдардың басқа да өкілдері қатысты.








Қазақстан Елшісі 29 тамыздың тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл дүниежүзілік қауымдастық пен жаһандық антиядролық қозғалыс үшін тарихи күн екенін атап өтті.

30 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан өз еркімен 4-ші әлемдегі ядролық потенциалдан бас тартты.

«Бүгінгі күні ядролық қарудан азат әлем орнату Қазақстан үшін ең маңызды бастамалардың бірі болып отыр», - деді М. Баймұхан.

Осыған байланысты Н. Назарбаевтың ядролық қауіпсіздік пен ядролық қарудан азат әлем құру үшін Жаһандық көшбасшылар альянсын құру туралы бастамасы бұрынғыдан да өзекті бола түсуде.

Семей полигонының жабылуы халықаралық бастамаларға әлем бойынша ядролық сынақтарды өткізуге мараторий жариялауға және 2006 жылы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құруға мүмкіндік берді.

6 тамыз күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің басшыларымен бірге осы бірегей Келісімді жүзеге асыру бойынша белсенді әріптестікті жалғастыруға дайын екенін растады. Бұл шартқа қол қойылғанына биыл 15 жыл толып отыр.

Қазақстандық елші Семей ядролық полигонында болған атмосфералық және жер асты сынақтарына қатысты деректерді келтірді. Олардың салдарынан Қазақстанда радиоактивті шөгінділерден 1,5 млн адам зардап шеккен, Шығыс және Орталық Қазақстанда ауқымды жерлер ластанды.

Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Ф. Боль Қазақстанның ядролық қарусыздануға және жаппай қырып-жою қаруын таратпауға қосқан елеулі үлесін атап өтті, бұл жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді.




«Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде адамзат тарихында алғаш рет жаппай қырып-жою қаруын қолданудан зардап шеккен бельгиялық Ипр қаласының тарихы Семей тарихымен ұқсас. Сондықтан Ипрда қазақстандық монументтің орнатылуы маңызды мәнге ие», - деп санайды бельгиялық вице-мэр.

Одан бөлек, Семей және Ипр қалалары «Әкімдер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымына мүше.

Сонымен қатар Семей ядролық полигонының жабылуы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар келіп отыр.

Іс-шара барысында «The Atom Project» деректі фильмі көрсетіліп, Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардың құрбандарына арналған суреттер экспозициясы ұсынылды.





Жоғары қарай