Бельгияда коронавирустың «британдық» штамы тарап жатыр

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Батыс Фландрия (Бельгия) ауданындағы Хаутхульст жерінде COVID-19-дың британдық штамы таралуда.
Мұнда 128 адам вирустың мутацияланған түрін жұқтырған. Олардың 63-і қарттар үйінің тұрғыны, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.
Қазіргі уақытта Бельгияда коронавирустың британдық штаммын жұқтыру жағдайларының жалпы саны аз, бірақ бұл сан сөзсіз артады, деп мәлімдеді жексенбіде бельгиялық вирусолог Марк ван Ранст.
«Жаңа жылдан бастап олардың саны өсуде. Біз британдық штамды жұқтырушылардың көбейгенін байқап отырмыз. Рождество мерекелерінен кейін елге саяхатшылардың келуі оның таралуына ықпал еткен болуы мүмкін. Алдағы уақытта жағдайдың қалай дамитынын көрейік», - деді М.Ранст.
Вирусолог британдық штамға мән беру қажет деп санайды.
«Осы әртүрлі штамдарды анықтау өте маңызды. Аурудың ауырлығы өзгеріссіз қалса да, назар аудару керек. Сондықтан COVID-19-ға қатысты шараларды, оның ішінде британдық штамммен күресте аталған талаптарды сақтау маңызды. Сонымен қатар, бөлмелерді дұрыс желдету де маңызды», - деп кеңес берді бельгиялық маман.
Авторы: Арнұр Рахымбеков