Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бердібек Сапарбаев қайырымдылық қор басшыларын бірлесе жұмыс істеуге шақырды

2020 жылдың 26 қыркүйек 2020 09:09

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев республикалық қайырымдылық қоғамдық бірлестіктерінің басшыларымен онлайн-кездесуде оларды әлеуметтік маңызды мәселелерді шешу жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бердібек Сапарбаев Тәуелсіздік жылдары ҮЕҰ жергілікті атқарушы органдармен сындарлы диалог тәжірибесін жинақтап, қиындықтарды бірге еңсеріп келе жатқанын атап өтті. Бұл жолда күш-жігері пен уақыттарын сарп етіп, аянбай тер төгіп жүрген оларға алғысын білдірді.

«Үкіметтік емес ұйымдар – халық пен мемлекет арасындағы берік біріктіруші буын болып табылады. Қоғам белсенділері бізге кездесетін кедергілерді анықтауға, қателіктерді жоюға көмектесуде. Сондай-ақ, әлеуметтік жобалар табысты іске асырылуда, әлеуметтік міндеттер шешілуде. Азаматтық сектормен өзара іс -қимылды одан әрі дамыту қажет», - деді облыс әкімі.

Кездесуге қатысушылар азаматтық бастамалар мемлекет тарапынан қолдау

тауып отырғандығын жеткізді.





Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының бастамасымен іске асырылған «Қамқорлық» ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсету жобасына сәйкес Тараз қаласындағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мен №9 және №35 орта мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттері салынуда.





«Қасиетті жол» қорының тең құрылтайшысы Динара Закиева жобаның екінші кезеңіне дайындық барысы туралы баяндады, оның аясында ауылдарда оңалту орталықтары салынбақ. Аймақ басшысы игі істен Жамбыл облысы да шет қалмайтындығына сендірді.

«DARA» қайырымдылық қоры мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен №20 орта мектебінде психологиялық-педагогикалық түзету орталығы ашылды.

Ағымдағы жылы Таразда «DARA» қорының көмегімен ашық ауада инклюзивті балалар ойын алаңы орнатылды. Қордай ауданындағы психологиялық-педагогикалық түзету орталығын қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандыру жоспарлануда. Оның филиалдары Масаншы және Сортөбе ауылдарындағы орта мектептер базасында ашылады, сондай-ақ Қордай ауылында инклюзивті білім беру ресурстық орталығы іске қосылады. Қор кабинеттерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп, оқу материалдарын сатып алуға және мамандар даярлауға қол ұшын созбақ.

«Сәби» қайырымдылық қорының президенті Әсел Тасмағамбетова облыста ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған спорттық ойын алаңын салуға ниетті екендігін жеткізді.

«Біздің бүгінгі кездесуіміз үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынасты дамытудың маңызды қадамы болуы тиіс. Жоғарыда айтылған барлық ұсыныстар бос сөз болып қалмай, жақын арада жүзеге асырылуы қажет», - деді облыс әкімі.



Жоғары қарай