Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді

2019 жылдың 24 шілде 2019 18:57

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барып, бірқатар нысандарды аралады. Сондай-ақ, әлеуметтік-еңбек саласындағы көрсеткіштер бойынша жиын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жұмыс сапары барысында министр алдымен Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығында болып, атаулы әлеуметтік көмектің берілу барысына қанықты.

Сондай-ақ, Бердібек Машбекұлы «Barbershop» сұлулық салонына бас сұқты. Салон жетекшісі Аида Батырбекова өткен жылы «Еңбек» бағдарламасы арқылы «Даму» қорынан 5 миллион теңге шағын несие алып, өз кәсібін ашқан. Бүгінде ол бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып, тұрғындарға шаш үлгілерін жасау, қырқу секілді сән әлемінің сұранысына сай қызметтер көрсетуде. Б.Сапарбаев осындай өз кәсібін ашып, тұрмысын тіктеймін деушілерге мемлекет және жергілікті билік тарапынан барлық қолдау жасалуы керектігін баса айтты.

«Мемлекет басшысы алдымызға халықтың әл-ауқатын жақсарту, масылдықты болдырмау, әлеуметтік төлемдердің дұрыс тағайындалуын және еңбек жағдайларының сақталуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді. Қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмек 291 мың отбасыларға, соның ішінде 1 446 мың адамға тағайындалды. Ал, Жамбыл облысында 32,5 мың отбасы немесе 162 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алуда. Бұл отбасылардағы 1 332 адам жұмыспен қамту шараларына қатыса алады, 1 532 адаммен әлеуметтік келісімшарт жасалған. Статистикаға сәйкес, өңірде ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерінен төмен 60,6 мыңдай халық бар, ал атаулы әлеуметтік көмек 27,8 мың отбасыға тағайындалған. Кемшіліктер де жоқ емес»,- деді Б.Сапарбаев.





Облыс әкімдігінде өткен басқосуда облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, өңірдегі атаулы әлеуметтік көмекке биыл 21,2 миллиард теңге қаралса, оның 1,2 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың арасында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылғандардың үлесі - 16,5 пайыз.

Сондай-ақ, облыстағы 2346 көпбалалы отбасы үй кезегінде тұр десек, осы жылдың соңына дейін оның елу пайызын тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген. Ол ғана емес, жергілікті бюджеттен 2,6 миллиард теңге бөлініп, 12 жатақхана бой көтеруде. Бұл жатақханаларды осы санаттағы баспанаға мұқтаж 612 отбасы тұрғын үй кезегі жеткенше паналайтын болады.





Бердібек Сапарбаев әлеуметтік-еңбек саласы әрқашанда Үкіметтің назарында екенін айтып, Мемлекет басшысы міндеттемелеріне тоқталып өтті. Министр саладағы бірқатар бағыттардағы сылбыр жұмыстарды сынға алып, жауаптыларды тыңдады. Сондай-ақ, жиын қорытындысымен тиісті тұлғаларға халықтың әл-ауқатын арттыру, масылдықты болдырмау, әлеуметтік төлемдердің дұрыс тағайындалуын және еңбек жағдайларының сақталуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.




Жоғары қарай