Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Берік Әбдіғалиұлы: Құрбандар саны бұдан да көп болуы мүмкін еді

2022 жылдың 16 қаңтар 2022 15:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшылығы экстремистерді ауыздықтауға қатысты шешімдер қабылдамағанда, құрбандар саны бұдан да көп болуы мүмкін еді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаңтар трагедиясындағы» құрбан саны анықталды - 225. Бұл жөнінде құқық қорғау орындары хабарлады. Құқық қорғау органдары осынау ауыр ақпаратты ашық жеткізіп отыр. Бұл дұрыс. Егер де мемлекет басшылығы экстремистерді ауыздықтауға қатысты шешімдер қабылдамағанда құрбандар саны бұдан да көп болуы мүмкін еді. Осындай трагедияның қайталабас үшін қолда бардың бәрін жасайық! Еліміз аман болсын!», - деп жазды депутат әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сонымен қатар жақында Берік Әбдіғалиұлы Президент жаңадан бекітілген Үкіметке халықтың көкейінде жүрген мәселелерді шешуге тапсырма бергенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Мәжілістің жалпы отырысындағы сөзінде үлкен саяси міндеттерді қойды. Ол - мемлекеттік табыстың әділетті бөлінуі. Осы жолы Президент жаңадан бекітілген Үкіметке бұл бағытта жұмысты жалғастыруға, халықтың көкейінде жүрген мәселелерді шешуге тапсырма берді. Бұл өз кезегінде Үкіметке берілген үлкен сенім және мүмкіндік», - деді Б. Әбдіғалиұлы.

Осы орайда депутат бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап қалмауы керек екенін, оны бүкіл қоғам болып қолдау маңызды болып отырғанын атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Бас прокуратура тәртіпсіздіктер мен террористік шабуылдан қаза болғандардың жалпы санын атады.

«Адам шығыны болған оқиғаларды тергеп, тексеруге ерекше назар аударылуда. Бүгінгі күні 4578 жәбірленуші анықталды. Оның 4353-і жараланды. Оның ішінде 3393 құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Төтенше жағдай кезінде моргтерге қазақ тапқан 225 адам жеткізілді. Олардың бір бөлігі террактілерге қатысқан, ғимараттар мен құқық қорғау қызметкерлеріне шабуыл жасаған қарулы бандиттер. Қаза болғандардың ішінде 19 полиция және әскер қызметкерлері де бар. Аталған деректер алдын ала сипатта. Олар әлі нақтыланып жатыр, өзгеруі де мүмкін. Дегенмен, әрбір факт мұқият тексеріледі, нәтижесі бойынша құқықтық баға беріледі», - деді ҚР Бас прокуратурасы қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев.

Сонымен қатар Бас прокуратура оқиғаның толық хронологиясын жариялады.


Жоғары қарай