Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Бес мыңға жуық домбыра жасадым – Біржан Ділманов

2020 жылдың 2 шілде 2020 12:12

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық Біржан Ділмановты көпшілік домбыра жасау шебері ретінде жақсы біледі. Жас та болса ұлттық өнерді ұлықтау бағытында ол осылайша үлкен жұмыстар атқарып келеді. Әрбір жасаған бұйымы жұртшылық тарапынан ерекше қызығушылық туғызып та жатады. ҚазАқпарат тілшісі қолөнер шеберінің тыныс-тіршілігіне зер салып қайтты.

- Қазір домбыра жасау өнері ұмытылып барады. Бұл кәсіп оңай емес екені белгілі. Асқан ыждағаттылықты, жауапкершілікті, тиянақтылықты қажет етеді. Осы өнер түрін қай кезден бастап үйрендің? Әулетіңде оған бейім адамдар бар ма?

- Мен Шиелі ауданы Досбол би ауылының тумасымын. Әкем Базарбек те ұзақ уақыттан бері домбыра жасаумен айналысады. Қолөнер бұйымдарын әзірлейді. Бала кезімнен ол кісінің шеберханасына жиі бас сұғатын едім. Алғашқы бұйымдарды мектепте оқып жүрген кезімде жасай бастадым. Содан бері жиырма жылдан астам уақыт өтті. Қазір домбыра жасау ісімен дамытып келемін. Бүгінге дейін 5 мыңға жуық домбыра жасадым.

Одан кейін Алматы қаласындағы «Шертер» компаниясында біліктілігін арттырдым. Мол тәжірибе жинадым. Сегіз жылдай еңбек етіп, беріде қайтадан туған топыраққа оралдым. Былтырдан бері Қызылорда қаласында еңбек етіп жатырмын. Қазірдің өзінде тұрақты тапсырыс берушілер бар.

- Домбырадан басқа қандай музыкалық аспаптарды жасайсың?

- Олардың түрі көп. Қазақта жетіген деген музыкалық аспап бар. Оған да тапсырыс берушілер кездеседі. Мен жасаған қобызға да қызығушылық білдіріп жүргендер аз аз емес. Сондай-ақ, шертер, альт-домбыра, аль-шертер, прима-домбыра, прима-шертер, бас домбыра, дауылпаз секілді музыкалық аспаптарды жасаймын. Дегенмен қолым қалт еткен сәтте домбыра жасауға бүйрегім бұрып тұрады.




- Оны жасауға қанша уақыт кетеді?

- Біреуін мынадай уақытта жасаймын деп нақты айта алмаймын. Әрқайсысы әрқалай дайындалады. Негізінде бір домбыра жасауға бір аптадай уақыт кетеді. Ендігі бірін бір-екі ай жасауың мүмкін. Оның әрбірін ыждағаттылықпен жасамасаң болмайды. Өзің ойлағандай шықпай қалуы ғажап емес. Сондықтан олардың әрбіріне барынша назар аударамын. Біздің қолымыздан шыққан музыкалық аспаптарға үлкен сұраныс болып жататыны сондықтан шығар.

- Домбыра жасауға қандай ағаштар кәдеге жарайды? Жергілікті ағаштарды пайдаланасыңдар ма?

- Мен домбыраны үйеңкі, қайың, полесандра ағаштарынан әзірлеймін. Еліміздің өзге өңірлерінен тапсырыс беретін азаматтар бар. Домбыраны олардың тапсырыс беруіне қарай жасаймын. Құрамалы, шауып та жасайтын домбыралар бар.




- Домбыра жасауға жастар тарапынан қызығушылық қандай?

- Рас, қазір соңғы буын өкілдері бұл өнерге онша қызыға бермейді. Бұл мақсатта кең ауқымда насихат шараларын қолға алуымыз қажет секілді. Десе де маған шәкірт болып жүрген жігіттер жоқ емес. Олар ұлттық өнердің қыр-сырына қанығып, білмеген нәрсесін көбірек үйренгісі келеді.

- Бұрын әрбір қазақтың үйінің төрінде домбыра ілініп тұратын. Екі адамның бірі оны тартып, әуелете ән шырқай білетін. Қазір сол көрініс көзден таса болып бара жатқан секілді.

- Бұл - рас әңгіме. Ілгеріде әрбір қазақтың үйінде домбыраның үні естіліп жататын еді. Өте жарасымды көрініс болатын. Қазір көбіміз ұлттық дүниелерге өз деңгейінде мәр бермейтін деңгейге түсіп кеттік. Жиын-той болған сәтте оны өзге үйден сұратып жататын жағдай кездеседі. Домбыра – қазақтың жаны емес пе еді? Сондықтан бұл мәселеге байланысты жақсылап ойлануымыз тиіс.




- Бүгінде домбыраны насихаттауға байланысты түрлі ұсыныс айтылып келеді. Оны мектепте арнайы пән ретінде оқыту қажет деген пікірлер де айтылып қалуда. Бұған көзқарасың қалай?

- Әрине, мен мұндай ұсынысты қолдаймын. Домбыраны өз деңгейінде насихаттауымыз тиіс. Әрбір қазақ оны кем дегенде шерте білуі тиіс. Ал оны шерте білуді үйренген адам қызығушылық білдіріп жатса, одан кейін күй шертуді және ән айтуға бейімделіп кете алады.

- Соңғы уақытта елімізде домбыра күнін атап өту дәстүрге айналды. Бұған қосар ойың қандай?

- Бәрімізге танымал ән жолдарында «Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра» деген теңеу бар емес пе? Расында, біздің бүкіл болмыс-бітіміміз домбырада жатқан секілді. Оның дауысы естілгенде арқаланып кететін әдетіміз тағы бар. Сондықтан домбыра күнін атап өту – орынды шешім. Былтыр ол жоғары деңгейде тойланды. Биыл карантин уақытына байланысты көп жоспар жүзеге аспай қалған шығар. Алдағы уақытта ол ауылдан бастап қалаға дейін аралықта тойлануы тиіс. Жас ұрпаққа ол жайында молынан мәлімет берілуі қажет. Сол шара барысында біз секілді шеберлерді де кеңінен насихаттау ұажет деп ойлаймын.




- Өзің ұлттық музыкалық аспаптарды жасағанда қандай талаптарға назар аударасың?

- Көкіректен төгілген күйге тіл бітіретін дүние - сапалы жасалған домбыра екені белгілі. Сондықтан оның әрбір бөлшегіне маңыз беріп қарау қажет. Шеберлердің өзі домбыраны шерте білгені дұрыс. Сонда ғана сапалы дүние шығады.

- Балаларға арналған домбыра да жасайсың ба?

- Әрине. Алты жасқа дейінгі балаларға көлемі 32 сантиметрлі домбыра жасалады. Алты мен он екі жас аралығындағы өрендерге 40 сантиметрлігін әзірлейміз. Біз домбырадан басқа қылқобыз, жетіген, прима қобыз, бас домбыра, контрабас прима жасаймыз. Сондай-ақ, халықтың өміріне қажетті сандық, бесік, естелікке беретін дүниелерді құрастыра береміз.




- Алдағы мақсатың қандай?

- Келешекте жұмыс ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмын. Сосын шеберханада еңбек ететін адамдар санын арттыруға көңіл бөлсем деген ойдамын.


Жоғары қарай