Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 409.98
EUR 462.21
RUB 5.75
CNY 58.43

Бесқарағайдан Ливанға: Қазақстандық жауынгер бітімгерлік міндетін қалай атқарып жүр

2020 жылдың 29 мамыр 2020 10:54

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Қарулы Күштерінің 120 әскери қызметшісі «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясының құрамында бітімгершілік қызметін атқарып жүр. Ливандағы бейбітшілікті күзеткен қазақ сарбаздарының бірі – бесқарағайлық Евгений Одинцов. Сержанттар құрамындағы 23 жастағы жігіт өткен жылдың қараша айында қазақстандық бітімгершілік контингенттің сапында Ливан еліне келген. ҚазАқпарат тілшісі шетелде жүрген қазақстандық сарбазбен хабарласып, сұхбат алған еді.

- Евгений, алдымен өзіңіз туралы қысқаша әңгімелеп берсеңіз.

- Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданының тумасымын. 2016 жылы әскерге шақырылып, Қапшағайдағы 32363 әскери бөліміне (десанттық-шабуыл бригадасы) түстім. Бір жылдық борышымды атқарғаннан кейін, келісімшарт бойынша қызмет етуге қалдым. Осыдан кейін бір жарым жыл бойы сол әскери бөлімде қызметте жүрдім. Ливанға бару туралы ұсыныс келгеннен кейін, құжаттарымды тапсырып, үш кезеңдік тексерістен, іріктеуден өттім. Миссияға 6 ай дайындалдық. Осылайша, Ливанға келіп қалдық.

- Үш кезеңдік тексеріс туралы айтып қалдыңыз. Яғни, бұл миссияға қабылданудың өзі оңай болмағаны ғой. Тереңірек айтып берсеңіз...

- Ең бірінші кезекте бірнеше психотесттен өттік. Оның қорытындысы бойынша келесі кезеңдегі іріктеулер басталды. Даярлық барысында дене машығына да ерекше назар аударылады. Сонымен қатар миссияның ерекшелігі, ондағы міндетіміз жіті түсіндірілді. Ливандағы қызмет барысында қажетті дағдылардың бәрін үйрендік. Үш айлық осындай оқу кезінде Ливанның ерекшелігі, халқы туралы, бітімгерліктің қыр-сыры туралы мол мағлұматпен қаруландық. Жергілікті халықпен тілдесу, әртүрлі жағдайда қалай әрекет ету керектігін білдік. Дайындық жұмыстары полигонда жүргізілді.

- Ливандағы қазақстандық бітімгершілік контингенттегі бір күніңізді баяндап бере аласыз ба?

- Күніміз әдеттегідей дене машығын жетілдіруден басталады. Сағат таңғы 05.15 кезінде тұрамыз да, таңғы жаттығу мен астан кейін отырып, Ливандағы соңғы жаңалықтарды тыңдаймыз. Қазақстандағы жаңалықтарды да ақтарамыз. Аптаның әр күнінде өтуі тиіс оқу бар. Байланыс, жергілікті халықпен тілдесудің қыр-сырын меңгереміз. Осыдан соң әртүрлі бекетте кезекшілік қызметке тараймыз. Блок-бекеттер мен автопатрульдер бар. Сонымен бірге штабтағы нарядқа да түсеміз. Үндістандық әскери қызметшілермен де бірлесе жұмыс жүргіземіз. Олар бізге, біз оларға көмектесеміз. Кезекшілікті атқарып болғаннан кейін әдетте дене шынықтырумен айналысамыз. Біздің армия үшін – бұл міндетті. Дене даярлығы әрдайым мығым болуы керек.

- Қазақстандық контингенттің бәрі бір жерде шоғырланған ба?

- Қазақстандық контингент бірнеше взводқа бөлініп, екінші взвод екінші жерге орналастырылған. 15 офицер мен 105 келісімшарт бойынша әскери қызметші бармыз.

- Ливандағы ахуал қандай? Шынайы қауіп туарлықтай қақтығыстар бола ма?

- Қазіргі ахуал мұндағы әскери қызметшінің бәріне мәлім. Жағдай тұрақты. Ешқандай әдеттен тыс, төтенше жағдай жоқ. Ливаннан да, басқа мемлекеттер тарапынан да қандай да бір оқшау әрекет жоқ. Ешкіммен соғысып жүрген жоқпыз. Басты мақсат – бейбітшілікті күзетіп, жергілікті халыққа көмек қолын созу. Мұнда Ливан мен Израиль шекаралары арасында көк сызық бар. Сол жерде адамдардың шекараны кесіп өту жағдайлары кездеседі. Сондай заңсыз оқиғалар бойынша жергілікті Ливан армиясына көмектесеміз. Яғни мұнда біз ешқандай күш пен билікті көрсетіп жүрген жоқпыз.

- Ливанның климаты қандай екен? Бейімделдіңіздер ме?

- Мұнда тамақ немесе әскери киім, басқа да керек-жарақ жағынан ешқандай мәселе жоқ. Климаты әлбетте, біздің Қазақстаннан бөлек. Қазір айтарлықтай күн ыстық. Күн 40 градусқа дейін ысиды. Қыста қардың орнына жаңбыр жауады екен. Біздің елдегідей аяз жоқ. Өмірімде тұңғыш рет қарсыз қысты өткердім.





- Ливанға баруға өтінішті өзім білдірдім дедіңіз. Қанша айтқанмен Қазақстанның бір өңіріне емес, алыстағы Ливанға бара жаттыңыз. Үй-ішіңіз бұл шешімге қарсы болған жоқ па?

- Отбасыммен күнде байланысқа шығып, сөйлесіп тұруға тырысамын. Олар әу бастан шешімімді қорқынышсыз қабылдады. Әлбетте, алаңдап, жағдайымды біліп тұрады. Жағдайды оларға түсіндіргеннен кейін мұнда ешқандай қауіп жоқтығына көздері жеткен секілді.

- Ливанда Қазақстаннан басқа қандай елдердің бітімгерлері бар?

- Мұнда Испания, Франция, Непал, Индонезия, Финляндия, Үндістан елдерінің контингенттері бар. Олар да біз секілді міндеттерді орындайды.

- Контингенттер арасында қандай да бір спорттық сайыстар болып тұратын шығар?

- Иә, әртүрлі сайыстар ұйымдастырылып отырады. Олармен волейбол, футбол, үлкен теннис немесе үстел теннисін ойнаймыз. Күрес пен суда жүзу жағдайы да мұнда қарастырылған. Дене машығын сақтауды мақсат тұтатын әскерилер үшін бұл спорттық сайыстардың бәрі де маңызды, қажет. Бірақ бұларды сайыс емес, даярлық деп айтар едім. Жергілікті армиямен бірге атыс алаңдарына барып, ату дағдысын шыңдаймыз. Біздің жауынгерлердің бәрі де үздік нәтижелерге ие. Мәселен турниктегі дағды жағынан біздің армияның алдына түсетін әскер жоқ.

- Келісімшарт бойынша әскери қызметте жүргендіктен айлық аласыз. Ливандағы қызметіңіз үшін жоғары үстемеақы да төленетін болар?

- Иә. Үстемеақы айтарлықтай дәрежеде қосылады. Бірақ мен қазір жаспын. Ақшаны алдыңғы қатарға қоймас едім. Маған және менің жанымдағы қатарластарыма осында алатын тәжірибе қымбат. Мәселен, мұнда әртүрлі контингенттегі адамдар ағылшын тілінде сөйлеседі. Шынымды айтсам мектеп кезінде ағылшын тілін қанша оқысақ та, меңгере алмай кеттім. Ал мұнда шынайы тілдік ортаға келгеннен кейін ол тілді айтарлықтай үйреніп қалдық. Ол да – тәжірибе. Одан бөлек, басқа елдердің әскерінен де алар тәжірибелеріміз баршылық. Мұнда келгелі Испания, Үндістан елдерінің армиясы өз әскери қызметін қалай атқаратынын көзбен көрдік. Келешекте өзімізден кейінгі буынға үйренген дағдымызды сіңіре аламыз. Яғни айлықтан бұрын біз үшін тәжірибе маңызды.

- Сұрақтарға жауап бергеніңізге рахмет!



Жоғары қарай

Warning: file_put_contents(): Only 0 of 15740 bytes written, possibly out of free disk space in /home/admin/web/lenta.inform.kz/public_html/system/classes/Kohana/Core.php on line 920