Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 431.03
EUR 471.76
RUB 5.85
CNY 61.32

Бетпақдалада адасып кеткен үш жүргізуші 4 тәуліктен кейін табылды

2020 жылдың 28 қаңтар 2020 17:06

СОЗАҚ. ҚазАқпарат - Ақтүтек боранда Бектпақдалада адасып қалған 3 жүргізуші бірнеше тәуліктен соң табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

26 қаңтар күні Созақ аудандық полиция бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны хабарласып, Қарағандыдан Түркістан облысы арқылы ауыр жүк көлігімен келе жатқан ағасымен хабарласа алмай қалғанын айтып арызданады. Созақ АПБ полицейлері арызды қабылдап, бірден іздестіру жұмысына кіріседі. Арызданған азаматтың ағасының жанында ауыр жүк көлігімен жолға шыққан тағы екі ер азаматтың бар екені белгілі болды.

Созақ полицейлері ауа райының күрт нашарлағанын ескере отырып, құтқарушылармен және ерікті жергілікті тұрғындармен жол талғамайтын көліктерге мініп, боранды күні адасып қалған жүргізушілерді іздеуге аттанды.




«Осылайша тиянақты жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 3 ауыр жүк көлігінің жүргізушілері Бетпақдаладан табылды. Белгілі болғандай, олар Қарағандыдан Созақтағы төте жол арқылы Шымкенттегі үйлеріне уақыт үнемдеп, тезірек жетпек болған. Алайда ауа райы өзгеріп, қалыңдап жауған қар мен ақтүтек боранның кесірінен адасып, көліктерімен омбы қарға батып қалған» делінген хабарламада.

Көмекке келген полиция қызметкерлері жолға шықпас бұрын көлікке керекті 400 литрдей дизель жанармайы және азық-түлік алып шыққан болатын. Жүргізушілер табыла салысымен оларға азық үлестіріліп, қажетті көмек көрсетілді. Үш жүк көлігіне де қажетінше жанармай құйылып, жолға шығуға дайын болды.

Өз кезегінде аязда адасып қалған үш азамат шексіз алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Еске сала кетейік, Бетпақдалада үш адамның адасып кеткенін жазған болатынбыз.


Жоғары қарай