Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бейбіт Атамқұлов Жамбыл облысындағы жаңа өндірістің мүмкіндіктерін айтты

2021 жылдың 17 қараша 2021 11:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы «Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану» жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы Келісім 2019 жылғы 3 сәуірдегі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен РФ Өнеркәсіп және сауда министрлігі арасындағы өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасын іске асыру аясында әзірленді және қол қойылды.

«Келісім Жамбыл облысында фосфат шикізатты өндіруден бастап экспортқа бағдарланған өнім - минералдық тыңайтқыштар мен ілеспе индустриялық өнімдер шығаруға дейінгі толық өндірістік циклі бар инновациялық химиялық кешеннің құрылысы мен пайдаланылуын қамтамасыз ететін қажетті инвестициялық және нормативтік-құқықтық жағдайлар жасауды көздейді. Жобаны ЕuroСhem Group трансұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны - Ресейдің «ЕвроХим» компаниясы іске асырады. Жобаны іске асыру екі кезеңде жүзеге асырылады», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Бірінші кезең аяқталды. Тау-кен кешені пайдалануға берілді. Оның базасында:

- жылына 660 мың тоннаға дейін фосфорит өндіру жолға қойылды;

- қуаты жылына 640 мың тонна орташа ұсақтау және ұсақ ұнтақтау торабы салынды;

- инвестиция сомасы 126 млн АҚШ долларын құрады;

Қазіргі таңда 550 жаңа жұмыс орны ашылды.

«Екінші кезең өндіріс қуаты жылына кемінде 1 млн тонна болатын минералды тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер өндіру жөніндегі инновациялық химиялық кешен салуды қамтиды.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы Еурохим компаниялар тобы II кезеңді озық қаржыландыру аясында 138,7 млн АҚШ долларын инвестициялады», - деді министр.

Оның айтуынша, келісім корпоративтік табыс салығынан, қосылған құн салығынан, мүлік және жер салығынан босатуды қарастырады.

Министр жобаны іске асыру мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты:

- 1 млрд АҚШ долларынан кем емес тікелей шетелдік инвестициялар тарту;

- жаңа жұмыс орындарын құру, оның ішінде құрылыс кезінде - екі мыңға дейін жаңа жұмыс орындарын, пайдалану кезінде кемінде 1 200 жаңа жұмыс орнын құру;

- елдің жалпы ішкі өнімін бес жыл ішінде шамамен 2,2 млрд АҚШ долларына арттыру;

- экспорт және экспорттық түсім көлемін ұлғайту;

- мемлекеттік бюджетке салық түсімдерін 200 млрд теңгеге ұлғайту;

- инновациялық қалдықсыз технология бойынша қуаты бар минералдық тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер өндіруді ұйымдастыру;

- Жаңатас және Қаратау моноқалаларының жедел дамуына ықпал ету;

- минералды тыңайтқыштардың импортын алмастыруды қамтамасыз ету.


Жоғары қарай