Ауа райы
Астана -24 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бейбіт күнде халқымыздың береке-бірлігін сақтай алмасақ мемлекетімізге сын - Президент

2020 жылдың 29 қазан 2020 15:26

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиында биылғы 9 айда ішкі істер органдары атқарған жұмыстың қорытындылары және Президент тапсырмаларын орындау барысы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент коронавирус пандемиясы кезінде уақытпен санаспай өз міндеттерін абыроймен атқарған ішкі істер органдарының барлық қызметкерлеріне ризашылық білдірді. Мемлекет басшысы ІІМ жүйесіндегі күнделікті жұмыстың қауіп пен қатерге толы екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Тәуелсіздік жылдарында өзінің қызметтік міндеттерді орындау кезінде 797 полицей қаза тауып, 2 604 қызметкер ауыр дене жарақатын алған.

«Мемлекеттің тұрақтылығын және қоғамның береке-бірлігін сақтау – басты міндет. Осындай сәтте полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейіне, отаншылдық рухына, қажыр-қайратына көп нәрсе байланысты. Мұны ішкі істер органдарының барлық қызметкерлері жете түсінеді деп ойлаймын», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, биыл Қордай ауданында және Сәтбаев қаласында болған қайғылы оқиғалардан сабақ алу қажет.

«Бейбіт күнде халқымыздың амандығын, береке-бірлігін сақтай алмасақ, мемлекетімізге сын. Ұлтаралық келісім мен татулық, қоғамдағы тұрақтылық – біздің басты құндылықтарымыз. Халықтың көңілі алаңсыз, ұйқысы тыныш болуы керек. Полиция тәртіп сақшысы екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдей білуі тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, шараға ІІМ қызметі мен полицияның аумақтық департаменттерінің басшылары және еліміздің барлық аймақтарының учаскелік инспекторлары қатысты. Мемлекет басшысы жиынға дейін ішкі істер органдарына қарасты арнайы техникаларды қарап шығып, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының қызметімен танысты.


Жоғары қарай