Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Бибісара Асаубаева: Шахматтан ел тарихындағы алғашқы «алтынды» иеленгенім үшін бақыттымын

2022 жылдың 17 қаңтар 2022 21:42

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елорданың Халықаралық әуежайында шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваны күтіп алу ісшарасы өтті. Жас шахматшыны жақындары мен жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алып, гүл шоқтарын сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бибісараны жарқын жеңісімен құттықтауға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев әуежайға арнайы барды. С.Ерғалиев Бибісараның жетістігіне анасының қосқан үлесін ерекше атап өтіп, алғысын білдірді.

«Шахматтан әлем чемпионатында ең жас әлем чемпионы атанып, жарқын жеңісімен қазақ елін қуантқаны үшін Бибісараға алғысымды білдіремін. Бибісараның жеңісіне анасының қосқан үлесі зор. Отандасымыздың бұл жеңісі барша шахматшыларға үлгі болып, ел спортының тарихында қалары сөзсіз» - деді комитет төрағасы.




«Турнир оңайға соқпады. Үш күн рапид, екі күн блиц, бес күнге созылған жарыста соңына дейін табандылық көрсету керек болды. Мен бірінші тақтада ойнап рапидте соңғы партияны жеңіп, екінші орынды иелендім. Блицте сегізінші айналымнан бастап, көш бастадым. Ақтық кезеңге дейінгі айналымда айқын басымдылықпен бірінші орынға көтерілдім. Ел тарихында ересектер арасындағы шахматтан алғашқы алтын жүлдені жеңіп алғаным үшін өте бақыттымын» - деді шахматтан Әлем чемпионатының жеңімпазы.

ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметі Польша астанасы Варшава қаласында өткен Әлем чемпионатында 17 жастағы қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева блицте бірінші орынды жеңіп алып, әлемдік шахмат тарихында әйелдер арасында ең жас шахматшы атанғанын еске салады. Сондай-ақ аталған чемпионатта Бибісара жылдам шахматтан (Рапид) 2-орын иеленді.


Жоғары қарай